Прокуратура әйелі Карина Мамашты ұрды деп айыпталған дипломат Сәкен Мамашқа қатысты қылмыстық істің тергеу барысы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Астананың Есіл ауданы прокуратурасының мәліметінше, іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы ("Көрiнеу кәмелетке толмаған адамға немесе кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамға, сол сияқты ұрланған не кепiл ретiнде қолға түсiрілген адамға қатысты қинау") бойынша С.Т. Мамашқа қатысты соталды тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта қылмыстық процесті жүргізуші орган қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр, оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады қадағалау органы.
Еске салайық, бұған дейін "НеМолчи.kz" қорының парақшасында БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйелін тұрақты түрде ұрып-соғатыны туралы ақпарат пайда болды.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломат шұғыл түрде елге шақырылатынын айтып жауап берді. Кейін зорлық-зомбылық туралы хабарлаған елшілік қызметкерінің жұбайы да БАӘ-ден қайтарылатыны белгілі болды. Бұл ретте оны әуежайда күйеуінің туыстары қарсы алды.