Атырау, 21 желтоқсан 07:04
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 417 просмотра

Нағыз ерлер

Теміртауда әлем чемпионы Балтабек Қызметті еске алуға арналған 23 жасқа дейінгі жастар арасында әскери самбодан Қазақстан чемпионаты өтті.

Бұл жарыстарда облыс намысын облыстық джиу-джитсу федерациясының шәкірттері Ринат Лаев пен Мұхамбет Оразғалиев қорғады. Ринат ел чемпионы атанып, Мұхамбет қола жүлдегер болды. Сонымен қатар, Ренат кезінде Балтабек өнер көрсеткен 52 келіге дейінгі салмақта ойналған арнайы сыйлыққа ие болып, плазмалық теледидар алды.

Джиу-джитсу федерациясының шәкірттері Ақтауда өткен ММА (аралас айқастар) бойынша спорттық клубтар арасында өткен ашық республикалық турнирде де сәтті өнер көрсетті. Айбек Бөлекбаев пен Мирас Шантасов барлық айқастарда мезгілінен бұрын жеңіске жетіп, алтын медальдар ұтты.

Облыстық джиу-джитсу федерациясы өз президенттері Нұржан Байғазиев пен вице-президенті Нұрлан Шаңгереевке көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтады.

 ***

 

Әр минутта бір гол 

Мини-футбол лигасының 3-тур ойындары өтті.

«Солтүстік» аймағында мақаттық «Қуандық» командасы «Алтынсарин-Жас» командасын 12:1 есебімен ойсырата ұтып, турнир кестесінде көш бастады. Екінші орында - «ҚМГ-Бұрғылау» командасы, алайда ол аймақ көшбасшысымен әлі кездескен жоқ. «ҚМГ-Өнімдері» мен «Кейкі-Жұмыскер» 5:5 есебімен тең түсті. Бір қызығы, мұнайшылар ойында 5:1 есебімен ұтып жатып, соңғы минуттарда 4 гол жіберіп алды.

«Оңтүстік» аймағында «Алтынсарин» мен «Алламан-Цеснабанк» командалары 5:5 есебімен тең ойнады.

«Шығыс» аймағында «Еркінқала» кезекті жеңісіне қол жеткізді. Команда үш турда қарсыластар қақпасына 29 гол соқты. Шабуыл өтінде Еркінқала селолық округі әкімі Ерғали Тапановтың ұлы – Жасұлан ойнайды. Алаңдағы негізгі орны қорғаушы болса да, ол 8 гол соққан. Бұл аймақта Мақаттың «ТЭК» командасы мен құлсарылық «Өмірзақ» командасы да жеңіліссіз келе жатыр. Көш соңында 7-39 доп айырмасымен «Махамбет» командасы келеді. Команда Махамбет ауданының мемлекеттік қызметшілерінен құралған.

 ***

 

Алғашқы сайыс сәтті өтті 

Атырау қаласының орталық жүзу бассейнінде алғаш рет су добынан қала чемпионаты өтті.

Жарысқа «АМӨЗ», «Мұнайшы СК», «Алматы», Атырау қаласының құрамасы, сондай-ақ салық департаментінің командасы қатысты. Алдын ала ойындар топтарға бөлініп өткізілді. Бірінші топта «АМӨЗ» Атырау құрамасын 8:3 есебімен, содан кейін «Мұнайшы СК» командасын 5:0 есебімен ұтты. «Мұнайшы СК» Атырау құрамасынан да жеңіліс тапты, есеп 0:8.

Келесі топта «Алматы» салық департаментін 6:1 есебімен ұтты. Турнир қорытындысында «АМӨЗ» барлығынан сәтті өнер көрсетіп, қала чемпионы атанды. 2-орында - «Алматы», 3-орында - Атырау құрамасы. Чемпионатты қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімі ұйымдастырды.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Салықшылар сынға түсті

«Атырау» ДСК-нде облыстың салық органдары қызметкерлерінің спартакиадасы өтті.

Командалар келесідей нәтижелер көрсетті (1-орыннан 3-орынға дейін сәйкесінше): мини-футбол – облыстық департамент, Жылыой және Құрманғазы аудандары; волейбол (ерлер) – Жылыой ауданы, Мақат және Қызылқоға аудандарының құрамасы, облыстық департамент; (әйелдер) – қалалық басқарма, Жылыой және Индер аудандары; дойбы – облыстық департамент, Жылыой ауданы, қалалық басқарма. Үздік ойыншылар: мини-футбол – Шаяхат Сағынғалиев, Нұрболат Көшекенов, волейбол – Торғын Дәрісқалиева, дойбы – Нұрбол Медеубаев. Үстел теннисінен жарыстар жеке есепте өтті. Жүлдегерлер (1-орыннан 3-орынға дейін сәйкесінше): (әйелдер)Айгүл Ризағұлова, Гүлзада Көшәлиева, Эльвира Оңғарова; (ерлер) – Айдарбек Қасантаев, Нұрбол Сарманов және Алмас Муса. Нұрлан Харесов «Жеңіске деген жігері үшін» сыйлығына ие болды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

18 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.