Маңғыстау облысында Каспий жағалауынан табылған итбалық өлексесі 734-ке жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен аптаның сенбісінен бері Сайын Шапағатов ауылынан Сығынды мүйісіне дейінгі аралықта 137 итбалықтың өлігі табылған еді. «Аумақтағы зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Толқын жағаға шығарып тастаған теңіз сүтқоректілерінің саны әлі өсуі мүмкін», - дейді балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері.
Есіңізге сала кетсек, Қазақстанның Қызыл кітабына енген итбалықтардың жаппай қырылу дерегі 24 қазанда Түпқараған ауданы жағажайында тіркелді. Гидробиология және экология институтының мамандары сол жерге барып, теңіз суы мен итбалық өлекселерінен сынама алды. Оның қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.
«Теңіз жағасынан табылған итбалық өлекселерінің дені бүлінген. Яғни, сынама алуға жарамайды. Аумақта зерттеу жүргізген ғалымдар тобы бізден енді табылған итбалық болса, бірден хабарлауды сұрады. Бақылау шаралары әлі де жалғасып жатыр», - деді облыстық балық инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Андрей Руцкий.