Атырау, 11 желтоқсан 11:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Ереуілдер тағылымы

3 444 просмотра

Қашағандағы соңғы ереуіл(«АЖ», №28, 11.07.13, «Өтемақы жоқ, қане, сау болыңдар!» жарияланымын қараңыз) Солтүстік-Каспий  жобасының таяу уақытта сөзсіз қысқартулар күтіп тұрған бүкіл жұмысшылары үшін мазасыз қоңырауға айналды. 

 

ӨЗГЕ ХАБАРЛАМАЛАР

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында орналасқан ақпаратқа сәйкес, «жұмыссыз қалуға байланысты өтемақы төлеу жөніндегі жұмыс берушінің міндеттемесі көрсетілместен, ҚР Еңбек кодексінің 53-бабы бойынша («еңбек келісімшарты мерзімінің аяқталуына байланысты») еңбек келісімшартын алдағы уақытта бұзу туралы жұмыс берушінің берген хабарламасы» «MANPOWER SERVICE LTD» (бас мердігер – CAPE Industrial Services) мердігер компаниясының200 жұмысшысының наразылығын тудырған.

«D аралына шұғыл арада жұмыс сапарымен Атырау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері мен прокуратура органдары қызметкерлері келіп, жұмысшылардың наразылығына құлақ түрді. Нәтижесінде, ҚР Еңбек Кодексінің 54-бабында көрсетілгендей, жұмысшылар саны 2013 жылдың 9 қыркүйегінен бастап қысқартылатын болды. Қазіргі уақытта жасанды D аралындағы жағдай тұрақты. Жұмысшылар өз міндеттеріне кіріскен. Есептеулерден кейін, жұмысшылардың өтемақылары төленетін болады»,- делінген еңбек министрлігінің ресми хабарламасында.

Прокуратура өз тексеру жұмыстарының нәтижелерін бір айдан кейін жариялауға уәде берді. Бірақ қазірдің өзінде жұмыс берушінің, бұл жағдайда «MANPOWER SERVICE LTD» компаниясының әрекеті заңсыз болғаны айдан анық. Әйтпесе, хабарламаларда Еңбек кодексінің баптары аяқ асты өзгере қалмас еді.

Ал, жұмысшылардың растауынша, бұл компанияға сабақ болмады. Ереуіл аяқталғаннан соң келесі күні аралдан келген жұмысшылар кеңсені қоршап алғаннан кейін редакцияға қайтадан қоңыраулар толассыз соғылды. Компания қызметкерлерін қысқартуды жалғастырып жатса да, хабарлама беруді тоқтатты, олардың орнына вахтааралық демалыста жүрген басқаларды жұмысқа шақырып жатыр деп шағымданды жұмысшылар.

Басқа ақпарат бойынша, жұмысшылардың бір бөлігін бас мердігер CAPE Industrial Services Маңғыстау облысында орналасқан Солтүстік Каспий жобасының басқа нысандарына жіберіп жатыр екен. Алайда, жұмысшылардың айтуынша, ол жақта еңбекақы Қашағанға қарағанда екі есе аз көрінеді.

Қазіргі ереуіл – «CAPE..» компаниясындағы алғашқы ереуіл емес. Алғашқысы 2011 жылдың қаңтарында орын алған еді. Ол кезде ереуілшілер еңбекақыларын 800-ден 1200 долларға дейін көтеруге қол жеткізген болатын. 2012 жылдың 15 желтоқсанында жұмысшылар екінші рет ереуілге шықты. Ол кезде D аралы мұз құрсауында қалған еді. Сол кезде келісімшарттардың аяқталуын күтпестен ереуілді ұйымдастырушыларды жұмыстарынан шығарып жіберді.

«CAPE..» пен  «MANPOWER SERVICE LTD» басшылығының еңбек құқықтарын бұзуларына не түрткі болып отыр деген сұрақтың жауабы: кәдімгі сараңдық деп есептейді жұмысшылар.

- Қорғаныс көзәйнектерін жарты жылда бір рет береді, ал қолғаптардың (ағаш монтаждаушы үшін бұл басты нәрсе) сапасы нашар. Біз көршілес компаниядағы жігіттерден дұрыс қолғаптар сұрап алатын едік, -дейді жұмыстан қуылғандар.

 

КҮРДЕЛІ КЕЛІСІМШАРТТАР

Заңсыз жұмыстан шығару үшін жұмыс беруші қолданып отырған заңнамаларға келер болсақ, біздің кеңесшіміз, адвокат Гүлсім САБИРОВА былай деп түсіндіреді:

- «Еңбек шартының тоқтатылуы» түсінігі мен «еңбек келісімшартын бұзу» - түрлі ұғымдар. ҚР Еңбек Кодексінің 53-бабының 1-тармағында «белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылады» делінген. Ал ЕК-нің 54-бабының 1-тармағының 2-тармақшасында «қызметкермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда бұзылуы мүмкін» делінген. Назар аударыңыз, бірінші жағдайда әңгіме тоқтату туралы, екінші жағдайда бұзу туралы болып отыр.

Еңбек шартын тоқтату жұмысшыны жұмыстан шығаруды білдіреді, бірақ ол әлдебір оқиғаға, яғни, заңды фактіге, мәселен, әскерге шақыруға, жұмысшының қайтыс болуына немесе келісімшарт мерзімінің өтуіне байланысты орын алуы тиіс. Еңбек шартын бұзу тараптардың бірінің (жұмысшының немесе жұмыс берушінің) біржақты ерік білдіруімен мүмкін болады.

Еңбек құқықтарын қорғау кепілдіктерінің бірі – еңбек қарым-қатынастарының тұрақтылығы боп табылады. Еңбек шартының мерзімі бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін екендігі заңмен белгіленген (ЕК 29-бабының 1-тармағының 2-тармақшасы).

Соңғы кездері жұмыс берушілердің көпшілігінің белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына еңбек келісімшартын жасайтындығы ешкімге құпия емес (ЕК 29-бабының 1-тармағының 3-тармақшасы). Мәселен, басқа мекемемен жасалған әлдебір шарттың әрекет ету мерзімі. Мұнда жұмыс беруші осы шартта белгіленген мерзім өткенде себебін түсіндірместен және штатты қысқарту кезінде тиесілі өтемақыны төлеместен, еңбек шартын тоқтатуға құқық беретін үлкен артықшылыққа ие болады (ЕК 157-бабының 1-тармағының 2-тармақшасы).

Бұл жағдайда жұмыс беруші шарттың әрекет ету мерзімінің аяқталуына байланысты жұмысшыны жұмыстан шығаруға ниеттеніп, штаттардың қысқаруына байланысты жұмыстан шығарар болса, заңды түрде тиесілі болатын өтемақыны төлеу жауапкершілігінен құтылмақ болған.

 

ПРОЛЕТАРЛАР, БІРІГІҢДЕР!

- Егер ұжымдық келісімшартта, әлеуметтік әріптестік жүйеде өзгеше қарастырылмаған болса, жұмысшылардың санын немесе штатын қысқарту туралы шешімді жұмыс беруші өздігімен қабылдайды, - дейді Сабирова. – 1993 жылғы 9 сәуірдегі ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» заңының 12-бабының 2-тармағына сәйкес, кәсiпорынның, оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң таратылуы жұмыс орындарын қысқартуға әкеп соқтыратын болса, олар тиiстi кәсiподақтарға кемiнде екi ай бұрын алдын-ала хабарлап, олармен қызметкерлердiң құқықтары мен мүдделерiн сақтау жөнiнде келiссөз жүргiзiлген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкiн. ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнамаларды қолдануының кейбір мәселелері туралы» №9 нормативтік қаулысының 11-тармағында: қызметкерлердің саны немесе штаты қысқаруына байланысты еңбек шарты бұзылған адамдарды жұмысқа қайта қабылдау туралы істерді қарауда, соттар ұйымның не жұмыс берушінің қызметі тоқтатылғанын, қызметкерлердің саны немесе штаты қысқартылуы шынында жүргізілгенін, қызметкерлерді босатудың заңнамалық актілермен қарастырылған реті сақталғанын, олардың орнына басқа адамдардың қабылданғанын тексеруге міндетті делінген.
Қызметкердің уақытша еңбекке қабілетсіздік кезеңінде және жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында жүрген кезеңінде; жүкті әйелдермен, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек-баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен жұмысшылардың санын немесе штатын қысқартқан жағдайда еңбек шартын бұзуға болмайды (ЕК 55-бабы, 185-бабының 1-тармағы).

Жұмысшылардың санын немесе штатын қысқартқан жағдайда, кәсіптік одақтың мүшесі болып табылатын қызметкерлермен еңбек шартын бұзу ұжымдық шартта көзделген тәртіппен, осы ұйымның кәсіптік одағы органының дәлелді пікірін ескере отырып жүргізіледі (ЕК 56-бабының 2-тармағы).

Жұмыс беруші жұмысшылар санын немесе штатын қысқартқан кезде еңбек шартын бұзғанда қызметкер келіскен жағдайда жұмыс беруші оны басқа жұмысқа ауыстыру шараларын қабылдауға тиіс (ҚР ЕК 56-бабының 5-тармағы).

Жұмыс беруші жұмысшылар санын немесе штатын қысқартқан кезде еңбек шартын бұзу туралы ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі белгіленбесе, қызметкерге бір ай бұрын жазбаша ескертуге міндетті. Қызметкердің жазбаша келісімімен еңбек шартын бұзу ескерту мерзімі аяқталғанға дейін жүргізілуі мүмкін.

 

«ЖҰМЫС БАР»

Қашағаннан қысқартылатындарды жұмысқа орналастыруға келер болсақ, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар бос орындардың жеткілікті екенін айтады. Ірі нысандардан босатылғандарды жұмысқа орналастырудың облыстық әкімдік бекіткен толық жоспары жасалған. Ірі жобаларға қарағанда ол жердегі жалақылардың аздығы және ол жердегі жұмыстардың вахта еместігі көбінесе аудан тұрғындары үшін қолайсыз болып отыр.

- Бұдан басқа, мердігер компаниялар өздерінің қысқартуға ұшыраған жұмысшыларын жаңа нысандарға шақыратын болады деп Аджип ҚКО уәде берді, - дейді жұмыспен қамту басқармасындағылар. – Келешек Кеңею Жобасы бойынша ТШО-мен меморандумға қол қоюды күтіп отырмыз. Қысқасы, жұмыс бар. Бұдан басқа, бұл адамдар әлеуметтік төлемге – жұмыссыз қалуына байланысты берілетін жәрдемақыға үміттене алады. Ол жұмыспен қамту орталықтары арқылы ресімделіп, МЗТО-да беріледі.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

18 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.