Атырау, 26 желтоқсан 22:16
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

D аралындағы ереуіл (NCOC комментарийі, ФОТО, БЕЙНЕЖАЗБА)

3 006 просмотра

Белгілі болғандай, Солтүстік-Каспий жобасының D аралындағы теңіз кешенінде қазақстандық жұмысшылардың ереуілге шыққанына екінші күн болыпты.

Алдын ала алынған ақпарат бойынша, ереуілге Аджип ҚКО мердігері боп жұмыс жасайтын британдық CAPE Industrial Services компаниясының бірнеше жүздеген жұмысшылары қатысуда. Компания мұнай-газ саласындағы құрылыс қызметтерімен айналысады.

Алайда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар хабарлағандай, қазіргі уақытта аралда бұл компанияның 150 адамы жұмыс істейді екен. Ереуілдің басқа қатысушылары, шамасы, САРЕ-ге қосалқы мердігер ретінде тартылған кәсіпорын жұмысшылары болса керек.

Бұрын ресми түрде жұмыстың аяқталатындығын және осы жерде туындайтын қысқартулар жөнінде хабарлаған жұмыс берушінің жұмысшылардан өз қалаулары бойынша жұмыстан босату туралы арыз жазуды талап етуі ереуілге шығуға себеп болған. Мұндай жағдайда жұмысшылар қысқартулар бойынша берілетін өтемақы төлемдерінен қағылып қалады.

Жұмыспен қамту басқармасындағылар хабарлағандай, бүгін, 9 шілдеде таңертең еңбек дауының себебін анықтау үшін облыстық әкімдіктің жаңа бөлімшесі – мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкері, сонымен қатар облыстық прокуратураның қызметкері D аралына ұшып кеткен.

9 шілдеде Атырауда брифинг өткізіліп, онда облыстық прокуратура өкілі Аслан НҰРҒАЛИЕВ ереуілге британдық CAPE Industrial Services компаниясының және қазақстандық «Manpower services» ЖШС-нің 200-дей қызметкері қатысқанын хабарлады. D аралына облыс әкімінің орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ пен облыс прокурорының орынбасары Серік ШАЛАБАЕВ ұшып кетті.

- Бұл қызметкерлердің жұмыс көлемі 12 тамызда аяқталады. Тиісінше, осыған дейін бір ай бұрын олар ескерту хабарламасын ала бастаған, - дейді А. Нұрғалиев. –Олар жұмыстан босатылуға байланысты өтемақы төлеуді талап етіп отыр. Прокуратураға ұжымдық шағым жазып, тексеру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды, жұмысшылар өз міндеттеріне кірісті.

Алайда, белгілі болғандай, бұл шындыққа жанаспады.

10 шілдеде 150-дей жұмысшы (олардың көпшілігі – вахтаның аяқталуын күтпестен) Атырауға оралды. Түстен кейін олардың басым бөлігі тікелей өзен айлағынан Manpower services ЖШС-нің кеңсесіне келді.

 

БАСШЫЛЫҚТЫҢ БҰЛҒАҢЫ

Сол жерге барған біз жол сөмкелерін ұстаған жұмысшылардан басқа оннан астам полицейлерді, сонымен қатар кеңсенің алдындағы кіре берісте бытырап тұрған штаттық киімдегі әлдебір ер адамдарды көрдік. Біз келген кезде адамдардың бір бөлігі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына бет алып, қалғандары кеңсенің алдында топталып тұрды.

Жұмысшылар (монтаждаушылар, сылақшылар, оқшаулағыштар, құм бүріккіштер) әңгімелегендей, D аралындағы келіссөздер ештеңеге әкелмеген. Олардың айтуынша, жұмыс берушілер алдымен бір айлық еңбекақы мөлшеріндегі өтемақыны ереуілшілердің алмайтындығын ашық айтқан. Алайда, кейін аралға облыстық әкімдік шенеуніктері мен прокуратура өкілдері келген кезде - әуелі 50 пайыз еңбекақыны төлейтіндіктерін, содан соң 100 пайыз туралы айтыпты.  Дегенмен, жұмысшылардың айтуынша, теңіз кешенінде жұмыс жасап жатқан басқа мердігер компанияларда қысқартуға ұшырағандарға үш айдың еңбекақысын өтейді екен.

Ереуілшілердің пікірінше, жоба ақшасын үнемдеу ниеті (Аджип ҚКО-ның өтемақыға жеткілікті қаржы бөлетіндігі шүбәсіз) ЖШС басшылығын әділетсіз әдіске - қысқарту өткізуге итермелеп отыр. Вахтааралық демалыста жүргендерді өз қалауымен жұмыстан кету туралы арыз жазуға және кейін оларды міндетті түрде басқа жерге жұмысқа орналастырамыз деп үгіттей бастаған. 60 шақты жұмысшы бұған көніп, арыз жазған. Кейін қате жасағандарын білгенде, кеш болатын. Бұл туралы аралда белгілі болады. Содан кейін екі компанияның жұмысшылары өздерінің де осы кепті киетіндіктерін түсініп, жұмысты тоқтатқан. Ал басшылықтың ешқандай өтемақы болмайды деген бастапқы мәлімдемесі жағдайды ширықтырып жіберді.

 

БӨГДЕ БАП

– Бізге алдағы қысқартулар туралы мәлімдеді, бірақ ескерту хабарламасын қолымызға ереуілден кейін ғана үлестіре бастады. Ал хабарламада жұмыстан босату үшін мерзімнің аяқталуына байланысты еңбек шартын тоқтатуды қарастыратын ҚР Еңбек кодексінің 53-бабын негізге алған. Алайда іс жүзінде әңгіме штатты қысқарту, яғни, 54-бап туралы болып отыр. Осы бап бойынша жұмыстан босату жұмыс берушіден өтемақы төлеуді талап етеді, - дейді Арман КУЛЖИНИРОВ пен оның жұмыстас жолдастары. –Тағы бір жайт, неліктен екені белгісіз, хабарлама 2012 жылмен белгіленген. Басшылық мұның техникалық қателік екенін мәлімдеп, қызметкерлер құжатты қаламмен түзей бастады. Бірақ аралға прокурорлар келгеннен кейін хабарламаны түгелдей қайта жасай бастады. Біз бұл жерге қысқартудың заң бойынша жасалуына және «өз қалауымен» жұмыстан кетуге мәжбүр еткен жігіттерді жұмысқа қайта алуға қол жеткізу үшін келіп тұрмыз.

Жиналғандардың айтуынша, компания менеджерлері жұмыстан шығару үшін себеп-сылтаулар іздейді екен. Мейлі, ол жұмысқа 5 минут кешігу болса да. Ал еңбек келісімшарттары бар болғаны бір айға әдейі жасалады, ал содан кейін 15 күннен бір айға дейін ұзартады екен. Вахтаны аяқтаған соң, келесі вахтаға шақырар ма екен деп, бал ашумен боласың дейді олар.

– Осы жерде жұмыс жасағаныма екі жыл болды, бірде бір рет бір жылдық келісімшартты көрген жоқпын, -дейді жас жұмысшы Әлжан ЕСҚАЛИЕВ.

Ереуілшілердің бағалауынша, Қашағандағы жұмыс әлі де өте көп екен. Құрылысшы-жұмысшылар теңіз кешенінен 15 тамызға дейін кетулері тиіс болса да, көпшілігі оның осы мерзімде іске қосылатындығына қатты күмәнданады.

 

ТАҒЫ ДА ПРОКУРАТУРА НҰСҚАСЫ

Manpower services ЖШС басшылығымен тілдесу үшін журналистерге жұмысшылар мен еңгезердей жігіттерден тұратын күзеттің арасынан сығылысып өтуге тура келді.  Содан кейін бізге өзін таныстырмаған компания директоры шығып, жеке бөлмеге ертіп апарып, кеңсеге келіп қалған Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Салават ИШАЙМЕН бірге жағдайды кейінірек анықтауға уәде беріп, кетіп қалды. Сол кеткеннен мол кетті. Оның орнына оқиғаға тағы да прокуратура түсінік берді. Олардың пайымдауынша, жағдай жұмысшылар айтқаннан мүлдем өзгеше.

- Manpower services ЖШС келісімшартының мерзімі 12 тамызда аяқталады. Сәйкесінше, жұмыс берушінің заң бойынша жұмысшыларды бір ай бұрын хабардар етуге 12 шілдеге дейін уақыты бар-ды. Алайда қызметкерлер жұмыстан шығарып жібереді деп қорқып, хабарламаны мерзімінен бұрын беруді талап етті және комапания олармен келісіп, хабарламаны таратқан. Бітті, олардың жұмыс көлемдері аяқталып жатыр. 15 тамыздан бастап ол жерде мұнайшылардан басқа ешкім болмайды. Аралдағы толқуларға келетін болсақ, екі компанияның 570 қызметкерлерінің ішінен бүгін Атырауға 170 адам келді. Бұлар, негізінен, келісімшарт мерзімдері аяқталғандар мен сұрап кеткендер. Қалған 400 жұмысшы жұмыстарын жалғастырып жатыр. Хабарламаларын алып алғаннан кейін, жұмысшылардың бір бөлігі жұмысқа қайта оралуды жөн деп тапты, - дейді облыс прокуратурасының 1-басқармасының бастығы Ғани ТЫДЫМОВ.

- Өз еріктерімен жұмыстан кетуге мәжбүрлеген 60 жұмысшыға не болады?

- Ұжымдық хатта көрсетілген бұл факті бойынша тексеру жүргіземіз. Сонымен қатар жұмысшылар қорғаныс каскаларының, қолғаптардың жоқтығына шағымданған. Тексеру мерзімі – 1 ай, қортындыларын хабарлайтын боламыз.

ЖШС-тің аты-жөні жоқ директорының түсінік беруі мен Ишай мырзаның келуін жұмысшылармен бірге көшеде 2 сағат күтсек те, көре алмадық. Кеңсе ғимаратына қайта кіру әрекеттерімізден түк шықпады – есікті тарс жауып алып, біздің соққыларымызға еш мән бермеді.

Жарты сағаттан кейін ғимараттан шыққан прокурор директордың жүрегі ауырып жатыр деп хабарлады.

Алайда жұмысшылар бұл істі аяғына жеткізіп, жұмыстан шығарылған жолдастары үшін соңына дейін күресуге дайын екендіктерін білдірді.

Бүгін, 10шілдеде NCOC компаниясы ереуілге қатысты біздің редакциялық сауалымызға жауап жолдады:

«Жексенбі күні, 7 шілдеде «D» аралында CAPE Industrial Services компаниясының келісімшарты аясында теңіз кешенінде жұмыстарды орындау үшін жалданған 200-дей жұмысшы өздерінің жұмыс берушімен жасалған еңбек келісімшарттарының қайта қаралуына келіспегендіктен ереуілге шыққан. САРЕ басшылығы ереуілге шығушылардың талаптарын қарап шығып, оларға жауап қайтарды. Содан кейін дереу жұмыстар қайта жалғасты. Атырау облысының мемлекеттік органдарының өкілдеріне лайықты түрде хабардар етілді. Жеке компания мен оның жұмысшылары арасындағы келісімшарттарға байланысты жағдайға NCOC анағұрлым толық түсінік бере алмайды».

NCOC-тың сыртқы байланыстар департаменті

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА, Зульфия ИСКАЛИЕВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

9 шілде 2013, 11:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.