Қазақстан мен Францияның мәдениет министрлері мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы бірқатар маңызды келісімге қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары қарсаңында Парижде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Францияның мәдениет министрі Рашида Датимен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Ведомство мәліметінше, министрлер мәдени қарым-қатынастардағы елеулі ілгерілеуді атап өтіп, екі ел президенттерінің өзара сапарларының бірлескен бастамаларға жаңа серпін беретінін айтты.
Кездесу барысында тараптар музейлер және мәдени мұра саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларациясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Гиме музейі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды қоса алғанда, бірқатар келісімге қол қойды.
«Қазақтың тарихи және мәдени мұрасын жаһандық гуманитарлық кеңістікке насихаттау және интеграциялау – мемлекеттің мәдени саясатындағы басымдықтарының бірі», – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты күшейту және «Courants du Monde» бағдарламасы аясында қазақстандық мамандарға арналған тағылымдамалар ұйымдастыру ұсынылды.
«Президент Тоқаевтың Францияға бұл мемлекеттік сапары мәдениетке қатысты көптеген мәселені қамтитынына қуаныштымын. Бүгін біз бірнеше меморандумға қол қоямыз. Бұл арадағы тығыз ынтымақтастықты көрсетеді. Сонымен қатар, Гиме музейінде Қазақстанның ұлттық көрмесінің ұйымдастырылуы – қарым-қатынастарымыздың нақтылығы мен тиімділігінің дәлелі», – деді Францияның мәдениет министрі Рашида Дати.
Аида Балаева арада жасалған келісімдер мәдени байланыстардың одан әрі тереңдей түсуіне ықпал етіп, Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастарды нығайтатын жаңа бірлескен жобаларға негіз болатынына сенім білдірді.
«Киноөндіріс саласы, қазіргі заманғы қазақ әдебиетін Францияда және керісінше француз әдебиетін бізде таныстыру, концерттік ұйымдардың өзара іс-қимылы және балалар контенті бойынша бірлескен мәдени іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін қарастыруымызға болады», — деді А. Балаева.
Сондай-ақ, музей сараптамасы бойынша тәжірибе алмасу, тарихи мұраны сақтау және музей ісіне жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Екі елдің министрлері креативті индустрия, оның ішінде, сән саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Аида Балаева этникалық сәнге және оның әлемдік деңгейдегі көрсетіліміне назар аударуды ұсынды.
Сонымен қатар, мәдениет және ақпарат министрі Лувр музейінің президент-директоры Лоранс де Кармен кездесу өткізді. Кездесу мәдени алмасу мәселелері және Қазақстан мен Франция арасындағы перспективалы жобаларға арналды.
Тараптар Қазақстан музейлері мен Лувр арасында бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылады. Ынтымақтастық көрме қызметімен қатар, ғылыми-зерттеу, археологиялық зерттеулер, ғылыми материалдар жариялау және музей ісіндегі тәжірибе алмасу бағыттарын да қамтуы мүмкін.
«Бізді Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу бойынша бірлескен ғылыми жұмысқа қатысты ынтымақтастық қызықтырады. ҚР Ұлттық музейінің жанынан реставрация орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан Лувр музейінің ғылыми, кадрларды даярлау, көрмелер ұйымдастыру бойынша қолдауын алғымыз келеді», – деп атап өтті Аида Балаева.
Министр қазақстандық мамандар үшін мастер-класстар мен тағылымдамалар ұйымдастыру кәсіби білім алмасу мен Қазақстанда музей ісін жетілдіруде маңызды қадам болатынын ерекше атап өтті.
«Біз ынтымақтастыққа, оның ішінде көрмелерді бірлесіп ұйымдастыруға да дайынбыз, себебі бұл Лувр музейінің халықаралық саясатына сай келеді», – деді кездесуде Лоранс де Кар.
Кездесу соңында екі тарап та бірлескен жобалар мен мәдени алмасу Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдететініне сенім білдірді.