Бүгін Мәжіліс депутаттары заңнамаға тұрғын үй саясатын реформалау бағытындағы өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заңды Сенат қосқан түзетулермен бірге қабылдады. Бұл заң арендалық пәтерде тұрып жүрген 51 мың адамның, тұрғын үй кезегінде тұрған 650 мың қазақстандықтың мүддесімен тікелей байланысты. Мәжілісте осы заң жобасымен айналысқан жұмыс тобының жетекшісі Ұлықбек Тұмашиновтың айтуынша,жаңа заң қолданыстағы заңнаманың 237 тұсына өзгеріс пен толықтыру енгізуі керек болған. Сенат оны өз тарапынан 4 позициямен толықтырыпты. Бірақ оның бәрі негізінен нақтылаушы сипатта. Яғни, Мәжіліс қабылдаған заңның тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді, деп хабарлады KAZINFORM.
Сонымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деген атауы бар жаңа заң мемлекеттің тұрғын үй саясатын қалай реформалайды? Басты тезистерге тағы бір тоқталып шығамыз.
1.Заң жобасындағы негізгі нормалардың бірі баспана кезегіне қою, кезектің сақталуын қадағалау, кезектегілерге тұрғын үйлестіру жұмыстарын «Отбасы банк» пен соның жанынан құрылатын Тұрғын үймен қамту орталығына беруді көздейді. Қазір баспана кезегін жергілікті әкімдіктер жүргізіп отыр. Бірақ ол кезектің ашықтығы мен әділдігіне күмән де, сын да көп. Заң қабылданғаннан кейін бір жылдың ішінде «Отбасы банктің» жанындағы орталық баспанаға шын мұқтаждарды анықтап, олардың бүкіл деректерін цифрландырып шығады. Осыдан кейін мемлекеттің қолдауы арқылы салынған баспананың бәрі осы цифрландырылған кезек арқылы, бір орталықтан басқару арқылы ашық үлестіріледі. Әкімдіктерге бұл істе тек сырттан бақылайтын өкілет қана беріледі, кезек саясатына тікелей араласа алмайды.
2. Бұған дейінгі сұхбатта Ұлықбек Тұмашинов жаңа заң арендалық пәтерде тұрып жүрген 51 мың қазақстандықтың мәселесін шешетінін айтқан еді. Депутаттың сөзінше, аталған норма 2017 жылдан бастап әлеуметтік осал топтарды қолдау бағдарламалары аясында берілген пәтерлерді жекешелендіру құқығын береді. Аталған бап апаттық жағдайда деп танылған үйлерде тұрып жатқан азаматтардың жағдайын да шешуі керек. Яғни, арендалық пәтерде және апаттық үйлердің орнына берілген баспанада тұрып жүрген азаматтар сол баспаналарын жекешелендіре алады. Ол үшін жергілікті әкімдікке барып, келісімшарт жасайды. Әкімдік әр өтінішті жеке қарап, әр пәтердің қалдық құнын есептеп шығарады. Сол құнды өтеу арқылы баспана тұрғынның меншікті мүлігіне айналады.
Мысалы, арендалық баспананың бағасы 2017 жылы 10 млн теңге болды дейік. Осы құннан әр жылға аммортизациялық шығын ретінде 2 пайыз шегеріп есептейді. Сонда 2024 жылғы құны 8,6 млн теңге болады деген сөз. Баспана иесі бұл ақшаның бәрін бір сәтте төлеуге міндеттелмейді. Алғашқы жарна ретінде тек 30 пайызын салса болды. 8,6 млн теңгенің 30 пайызы 2,6 млн теңге шамасында. Қалған 6 млн теңгені 10 жылдың әр айына тең бөліп, кесте бойынша төлей алады. Соңғы деректер бойынша, бұл санатқа жататын пәтерлердің саны 60 мыңға жуықтаған көрінеді.
3. 1997 жылғы заң бойынша, мемлекеттен кезектен тыс баспана алуға мүмкіндік беретін 13 түрлі санат болған. Жаңа заң солардың ішінен 8 санатты қалдырып отыр. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соларға теңестірілгендер, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, жетім және қамқорлықсыз қалған балалар, 1,2-топтағы мүгедектер, жарымжан балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскерилер, жұбайы әр түрлі себептермен дүниеден өткен, қолында оң сегізге толмаған балалары бар адамдар.
4. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Мәжіліске берген мәліметі бойынша, қазір елімізде 649 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Олардың 253 мыңы әлеуметтік осал топқа жатқызылған. Заң қабылданғаннан кейін әр жылда мемлекет қолдауымен қолданысқа берілетін баспананың 70 пайызы осы 253 мың адамға үлестіріледі. Қалған 30 пайызы мемлекеттік қызметшілерге, өзге де мемлекеттік және бюджеттік салада (дәрігерлер, мұғалімдер және т.б.) жұмыс істейтін, баспана кезегінде ресми тұрған адамдарға беріліп отырады.
5. Заң күшіне енгеннен кейін кезекте тұрған 650 мың қазақстандықтың мәселесін шешу үшін қанша қаражат пен уақыт кетеді?
Оны «Отбасы банк» жергілікті әкімдіктер түзген баспана кезегіне ревизия жасап болғанша нақты айту қиын. Ал жұмсалатын қаражаттың бір бөлігі бюджеттен, бір бөлігі револьверлік тәсілмен бөлінеді. Мысалы, биыл әлеуметтік тұрғыда осал топтарды баспанамен қамтуға 72 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл қаражат шамамен 4 мыңнан астам пәтер салуға жетеді. Ал «Отбасы банктің» ипотекалық бағдарламаларына 450 млрд теңге бөлінген.
2017 жылдан бастап арендалық баспана салуға 500 млрд теңге берілген. Бұл пәтерлерді жекешелендіруден түскен қаражат баспана кезегіндегі азаматтарға нарықтан пәтер сатып алып беруге жұмсалмақшы. Револьверлік тәсіл деп отырғанымыз осы. Ол үшін жаңа заңда әкімдіктерге үйлерді тек салып қана қоймай, дайын пәтерлерді нарықтан сатып алу құқығы беріліп отыр.