Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауынан 24-29 қазан аралығында өлексесі табылған итбалық саны 289-ға жетті. Жайық-Каспий облысаралық бассейн балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері мен гидробиология және экология институтының өкілдері теңіз жағасын бақылап жүр деп хабарлады Азаттық радиосы Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Жазира Сыдықованың сөзінше, қыркүйектің аяғынан бері Түпқараған түбегінің батысындағы жағалауда Каспий итбалығы неден қырылғанын анықтау үшін мониторинг жүріп жатыр. Экспедициядағы зерттеушілер күн сайын жағалауды (Баутин ауылы мен Форт-Шевченко қаласы арасын, одан әрі оңтүстікке қарай) қарап, теңізді бақылап отыр.
Жазира Сыдықова өлген итбалықтардың жасын және неден қырылғанын анықтау үшін сынама алынды деді. Олардың өліміне не себеп болғанын зертханадағы зерттеу жұмыстары анықтағаннан кейін қосымша хабарланады деді ол.
Каспий итбалықтарын зерттеуші Әсел Баймұқанова Instagram-парақшасында жағаға шығып қалған итбалық өлекселерінің кейбірінен зорлық-зомбылық іздері табылды деді. Оның сөзінше, көбінің неден өлгені белгісіз. Баймұқанова өлген итбалықтың көбі буаз болған деді.
– Олар неден өліп жатыр? Әзірге айтар ештеңе жоқ. Ұрығы жетілгеніне қарағанда, олар Солтүстік Каспийге келгенге дейін сау болады, бірақ кейін әлдебір жағдай болып, олар өліп қалады. Неден қырылғанын биологтар ғана анықтай алмайды, бұған экологтар, химиктер мен технологтар кірісуі қажет, – деді зерттеуші.
Каспий теңізі жағасынан итбалық өлекселері биыл сәуірде де табылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті Түпқараған ауданында 27 итбалық өлексесі табылды, олар дауыл салдарынан жағаға шыққан деп хабарлаған еді. Комитет жануарлар қыста бір уақытта өліп, содан бері суда тұрған болуы мүмкін деген болжам айтқан.