Қаржы министрлігі Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу кезінде қаржылық заңбұзушылық болған жоқ деген қорытындыға келген. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қаржы министрлігі аудит жүргізді. Осы аудит аясында қаржылық заңбұзушылық анықталған жоқ. Бұл қорытындыны біз 2022 жылғы 18 қазан күні алдық. Қаржы министрлігі процедуралық сәйкессіздіктер болғанын ғана көрсеткен, ал қаржы жағынан заң бұзылған жоқ. Процедуралық сәйкессіздік үшін тиісті қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Менің бұдан басқа айтарым жоқ», - дейді Шарлапаев үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, Мәжілісте Құрылыс кодексін қабылдау бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Стандарттық процестерден кейін құжат талқылау қорытындысы бойынша қабылданады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Құрылыс кодексінің жобасын оқушының рефератына теңеп, құжатты әзірлеуге 291 млн теңге бюджет ақшасы негізсіз жұмсалғанын айтып сынаған еді.
Алайда Қанат Шарлапаев бұл айыптаумен келіспей, аудит қорытындысын алға тартқан болатын.