Атырау, 6 қазан 20:50
 ашықВ Атырау +11
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Авангардта бес қабатты үйдің шатыры түгі қалмай жанып кетті (+ФОТО, БЕЙНЕЖАЗБА)

9 067 просмотра

Түскі уақыттан бастап Авангард 2 ықшамауданындағы бес қабатты №4 үйдің шатыры өртеніп жатыр.

Өткен жылы терможаңғырту бағдарламасы бойынша төселген үй шатырының түгі қалмай өртеніп кетті. Жабын арқалықтары түгелдей жанып, қаңылтыр жабындар майысып қалды. Жоғарғы қабаттағы пәтерлердің жағдайын әзірге бағалау мүмкін емес, қазіргі уақытта әлі де өртті сөндіріп жатыр.

Тұрғындар өрттің сағат 12.10-да басталғанын растаса, өрт сөндірушілер алғашқы дабыл өртеніп жатқан үйден сағат 13.19-да түскенін растады. Қауіпсіз жерге көшіру туралы ресми хабарландыру болған жоқ, тұрғындар пәтерлерінен өздері шықты. Ауладағы балақайлардың: «Өрт! Өртеніп жатырмыз!» деген айқайынан адамдардың өздері жүгіріп шығып, қарияларды сыртқа шығарған. «Көрші» деген сөз үй алаңындағы серіктес қана емес. Адамдардың бәрі сыртқа шықты ма деп сұрастырып, төсекке таңылған жандарды алғашқы өрт сөндірушілер жасағы жетпес бұрын келген ішкі істер басқармасының қызметкерлерінің көмегімен өздері алып шықты. Өрт сөндірушілерге тұрғындардың қояр талабы көп. Бірнеше адам журналистердің камерасына қарап, олар жедел қимылдаса және өрт сөндіру құралдарымен жақсы сайланған болса, өртті ертерек ауыздықтауға болар еді деп мәлімдеді.

–  Екі машина келіп, өртті сөндіре бастады. Ал сулары сыздықтап ағып жатыр, ол да бар болғаны 10 минутқа жетті, - дейді үй тұрғыны Жаңылдық ӨТЕБАЕВА. – Содан соң олар кетіп қалды.

Куәгерлердің айтуынша,  сөндіру үшін жеткілікті күш жетіп, өрт сөндірушілер нақты әрі жұмыла әрекет ете бастағанда, жалын ошағын он минуттан кейін ауыздықтай алған.

Төтенше оқиға болған жерге қала әкімі С. АЙДАРБЕКОВ, қала әкімінің орынбасары Ж. ҚАРАҒАЕВ келді. Кейінірек облыс әкімі Б. ІЗМҰХАМБЕТОВ, оның орынбасарлары Ғ. ДҮЙСЕМБАЕВ пен С. НАҚПАЕВТАР жақындады. Тұрғындар көпке дейін жақын маңда тұрған бір топ шенеуніктерге батылдары барып, жақындай алмады. Бірақ біраздан соң өртеніп жатқан үйдің жоғарғы қабаттарындағы пәтер қожайындары Ізмұхамбетовті қаумалап алды. Айқайға басып, олар «зардап шеккен үйге шұғыл арада жарықты, газ бен суды қосуды» талап етті. Терможаңғырту бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмыстар сапасының нашарлығына (өрт себебі тергеу аяқталғанша аталмайды, бірақ кейбіреулер бұған жөндеушілерді кінәлауға бейім отыр) және қазіргі екіұшты жағдайларына жапа тармағай шағымданды. Егер пәтерлері тұруға жарамсыз болса, олар қайда бармақ?

Облыс әкімі: «шешеміз», «анықтаймыз» деген жауаппен құтылды... Қала әкімі де қол ұшын беруге уәде берді. Сонымен бәрі де тарасты.

Өрт сөндірілді. Қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫҢ айтуынша, үйге газ бен су берілген, электр қуатын пәтерлер толық тексерілгеннен кейін қосады екен. Басқаларына қарағанда пәтерлері өрт ошағына жақын бесінші қабаттың тұрғындарына уақытша панажай ұсынылды. Бірақ бәрі де әзірге туыстарын паналағанды жөн көріп, ол ұсыныстан бас тартты.

- Тұтану себебін арнайы комиссия анықтайды, - дейді Қарағаев. – Мамандар зиянды анықтау үшін пәтерлерге тексеру жүргізеді. Шатыр қалпына келтіріледі. Қалай еткенде де халықты қиын жағдайға тастамаймыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

15 шілде 2013, 17:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.