Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов Qazaq Airan-ға берген сұхбатында өзіне тағылған жемқорлыққа қатысты айыпты мойындамайтынын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Экс-министр коронавирус пандемиясы кезінде жемқорлық дерегінің болуын жоққа шығарды.
Денсаулық сақтау бұрынғы министрі ретінде менің өзімнің жауапкершілігім бар. Қозғалған қылмыстық істің сот процесі ашық өтті. Журналистер келіп қатысты. Сол кезде мен бірнеше рет өз позициямды жеткізген болатынмын. "Мен Денсаулық сақтау экс-министрі ретіне өз жауапкершілігімді толық сеземін, қашпаймын, дайынмын. Мен министр ретінде қандай да бір шешімді дұрыс қабылдамасам және бұл тергеу барысында дәлелденсе, мен оны мойындауға дайынмын. Бірақ бұл факт дәлелденуі керек. Қай жерден, қандай қате кеткенін көрсетіңіздер" дедім.
Сот барысында жемқорлық бойынша зерттеу жүргізілді. Қазақстан азаматы ретінде Конституцияда көрсетілгендей өзімді қорғауға құқығым бар, бірақ сол кезде де маған "Елжан, ешқандай жемқорлық жоқ, бірақ команда берілген. Себебі коронавирус кезінде өлім көп болды, халық мемлекеттен көп дүние күтті, көмек алмады" деп түсіндірді. Мен оны түсінемін, сол кезде де айттым, бұған қатысты Президентке хат да жолдадым. Әрине, мен министр ретінде, мемлекеттік қызметкер ретінде халық күткен нәтижеге қол жеткізе алмағаным үшін жауапкершілігім бар. Мен оны түсінемін және мойындаймын. Ал мен ғана кінәлі, мен жемқормын дегенді ешқашан да мойындамаймын", - деді ол.
Елжан Біртанов өзін қаралау үшін ақша бөлінгенін айтады.
"Мені қамауға алғанда әлеуметтік желіде "Біртанов жемқор" деген тақырыппен түрлі-түрлі жаңалық, видео шығыпты. Мен оны түрмеде отырғаннан кейін көрмедім, шыққаннан кейін де мүмкіндік болмады. Бірақ уақыт өткеннен кейін көрдім. Негізі мұндай ақпараттың бәрін журналистерге бір адам берді ғой. Бірақ бұл дәлелденген жоқ. Қозғалған 11 қылмыстық істің біреуінде болсын жемқорлық табылды ма? Алайда сондай ақпарат таратылды. Мұны біреу арнайы таратты, оған ақша бөлінді. Себебі маған көп журналист жазды, олардың айтуынша, сот кезінде мен туралы "теріс ақпарат тарат" деген тапсырыс келіп түскен, ал олар экс-министрді жақсы білетінін, олай жасамайтынын айтып, бас тартқан. Осындай да жағдайлар болды", - деді экс-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Елжан Біртанов үстінен қозғалған қылмыстық іс туралы айтқаны хабарланған болатын.
Еске салайық, 2020 жылы 25 маусымда Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов 2020 жылдың қарашасынан бері үйқамақта отыр.
Бұрынғы министр Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Адвокаттың айтуынша, құқық қорғау органдары іс бойынша бапты қайта саралаған.
11 қазанда Біртанов пен Әбішевке қатысты іс бойынша тергеу аяқталған болатын. Мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Шекеновтің сөзінше, мемлекетке 1 миллиард 548 миллион 136 мың теңге немесе 4 миллион 177 мың доллар көлемінде залал келтірілген.