Үкіметте өткен баспасөз маслихатында вице-премьер Жұманғарин үкіметтің доллар бағамының өсуіне байланысты азық-түлік бағасын қалай ұстап тұруды жоспарлап отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Оның айтуынша, Қазақстан әлеуметтік маңызы бар 10 өніммен өзін толық қамтамасыз етеді. Олардың қатарында ұн, тұз, күріш, макарон, май, картоп, қой еті, сиыр еті, сәбіз бар. Тағы 14 өнім бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80%-дан асады, ал кейбір өнімдерде импортқа тәуелділік бар: мысалы, құс етімен қамтамасыз ету 73%, шұжық — 60%, балық — 60%, ірімшік пен сүзбе — 46%, қант — 44%.
Сондай-ақ, Қазақстанда өндірілмейтін өнімдер, мысалы, апельсин, банан, лимон сияқты кейбір жемістер мен көкөністердің қымбаттауы мүмкін екені айтылды. Алайда Жұманғарин олардың бағасы айтарлықтай көтерілмейтінін атап өтті.
Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссияның алаңында осы өнімдерге арналған кедендік баждарды төмендету мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл шешім жақын арада қабылданады деп күтілуде.
Жұманғарин соңғы аптадағы баға мониторингіне сәйкес, дүкендердегі бағалар айтарлықтай өзгермегенін атап өтті.