Атырау, 29 желтоқсан 23:33
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

​Атырау облысында жасөспірімнің өліміне кінәлі полицейге үкім шықты

1 430 просмотра
Ашық дереккөзден алынған сурет

Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында патрульдік полиция тобы инспекторына үкім шықты. Ол абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыпталды (ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігі).

27 мамырда әлеуметтік желіде Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны Жанаргүл ШҮРЕНБАЙДЫҢ видеоүндеуі тарады. Ол 25 сәуірде мотоциклден құлап, мерт болған 17 жастағы Кемелбай МЕРЕКЕНІҢ анасы. Видеоүндеуде ол ұлының өліміне полиция қызметкерлері кінәлі деп айыптады. 

«Қайғыдан қан жұтып отырмын. Ер жетіп, азамат болғанда полиция қуып, құлатып, басынан басып, өлтіріп отыр. Ұлым қылмыскер емес. Жасы бар болғаны 17-де еді. Қуатындай қандай себеп болды соншама? Бұл заңсыздықты кім қашан тоқтатады? Полиция бөлімінде не боп жатыр?" - деп сұрайды әйел видеода.

Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты дерек бойынша қызметтік тергеу жүргізілді, нәтижесінде бір қызметкер ішкі істер органдарындағы қызметінен теріс себептермен, бір қызметкер атқаратын лауазымынан босатылды.

Оқиға желісі

Соттың баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 17 жасар бозбала екі жолаушымен бірге мотоцикл басқарып келеді. Патрульдік полиция тобының инспекторы мотоцикл жүргізушісіне тоқтауға нұсқау береді, бірақ ол тоқтамай, қозғалысын жалғастырған. Оның артынан қудалап келе жатқанда, мотоцикл жүргізушісі қара жерге шығып кетіп, мотоциклдің басқару жүйесін игере алмай, жерге құлаған. Сол кезде инспектор жасөспірімді қағып кетіп, нәтижесінде ол оқиға орнында есін жимастан қаза болды.

Тараптардың позициясы

Прокурор сотталушыны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші өкілі заңға сай жаза қолдануды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындады.

Сот шешімі

Сотталушының шын жүректен өкінуі, асырауында жасы кәмелетке толмаған балаларының болуы, бұрын сотталмағаны - сотта жаза мен қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Полиция қызметкерін  5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Айнұр САПАРОВА

23 қазан, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.