Атырау, 24 қараша 09:43
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сағыз ауылының тұрғыны ұлының өліміне полицейлерді кінәлайды

1 193 просмотра

25 сәуір күні Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында мотоциклден құлап, мерт болған 17 жастағы Кемелбай МЕРЕКЕНІҢ анасы Жанаргүл ШҮРЕНБАЙДЫҢ желіде видеоүндеуі тарады. 

Ол видеода мотоцикл айдап келе жатқан ұлының соңынан полиция қызметкерлері қызметтік көліктерімен қуып,оған соқтығысып, соққы басынан тиіп, қайтыс болғанын айтады. Анасының видеода сөйлеген сөзінен үзінді мынау:

«Қайғыдан қан жұтып отырмын. Ер жетіп, азамат болғанда полиция қуып, құлатып, басынан басып, өлтіріп отыр. Ұлым қылмыскер емес. Жасы бар болғаны 17-де еді. Қуатындай қандай себеп болды соншама? Бұл заңсыздықты кім қашан тоқтатады? Полиция бөлімінде не боп жатыр? Біреу адамды пышақтайды, екіншісі қызметті көлігімен жасөсөпірімді басып өлтіреді. Онымен қоймай, болған оқиға сызбасын дұрыс жасақтамайды. Бұл не, полицияның білімсіздігі ме? Бұл заңсыздық қашан тоқтайды?».

Ж.Шүренбай видеоүндеу жолдай отырып, ІІМ-не қайрылып, «екі полиция жазадан құтылып кетпейтініне кепілдік беріңіз!» дейді. «Бүгін менің, ертең өзгенің басына келмесіне кім кепіл?» деген ана бұдан соң ҚР бас прокурор мен облыстық прокурордан көмек сұрайды.

Біз Атырау облысының полиция департаментінің баспасөз қызметінен комментарий сұрап, бірнеше сауал жолдадық. Сұрақтардың мәтіні мынадай:

«1. 25 сәуір күні мотоциклден құлап, мерт болған 17 жастағы Кемелбай Мерекені екі полиция капитаны Медет Сарин мен Хамит Қуанышбек не үшін қуды?

2. Анасының екі полицияны ұлының өліміне кінәлап отырғанына қатысты комментарий берсеңіз. Қызметтік көлігімен неге соңынан қуды? Көлік соқтығысып, басынан ұрып құлатып өлтірді дейді.

3. Қазір бұл екі полицияның үстінен қылмыстық іс қозғалды ма? Қандай баппен іс тергеліп жатыр? Тергеліп жатыр ма?

4. Сағыз ауылында полиция кімді пышақтады? Бұл дерек бойынша нақты ақпарат беріңізші.

Баспасөз хатшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТ былай деп жауап берді:

- Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.Полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп, нәтижесінде бір қызметкер ішкі істер органдарындағы қызметінен теріс себептермен, бір қызметкер атқаратын лауазымынан босатылды.

Еске салайық, оқиға болған күннің ертесіне 26 сәуір күніАтырау облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі ауа райы жылынғалы мотокөліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары көбейгені жөнінде баспасөз хабарламасын таратқан.  Ақпаратта жыл басталғалы мотокөліктердің қатысуымен 34 жол-көлік апаты болғаны, оның 12-сінде жасөспірімдер ешқандай құжатсыз мотокөлік басқарғаны айтылады. Осындай көлік апаттарынан 25 адам түрлі дене жарақатын алып, 2 адам қаза тапты.

- Мәселен, 9 сәуір күні сағат 20:00 шамасында Мұқыр ауылында ауыл-ішілік жолда 2005 ж.т. студент оқу демалысы кезінде ешқандай рұқсат құжаттарсыз мотокөлікті басқарып, 4 жастағы баланы қағып құлатқан. Басынан жарақат алған 4 жастағы бала ауруханаға жеткізіліп, әлі күнге дейін дәрігерлердің бақылауында. Бұл дерекке қатысты полиция қылмыстық іс тіркеп тергеуде.
Сонымен қатар, соңғы кездері қала көшелерінде құқық бұзушылыққа жол берген мотокөліктер мен электросамокат жүргізушілерінің бой тасаламақ мақсатта полицейлердің заңды талабын орындамай тоқтату деректері де кездесуде,  - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Мәселен, 8 сәуір күні 17 жастағы мопед жүргізушісі жол бойында 16 жастағы қыз баланы қағып құлатып, оқиға орнынан қашып кеткен. Патрульдік полиция қызметкерлері ізін суытпай аталған мопедті анықтап, тоқтатпақ болған. Мопед басқарған жасөспірім заңды талаптарды орындамағандықтан патрульдік полицейлер мәжбүрлі  түрде тоқтатып, полиция басқармасына жеткізді.

Кейін Атырау қалалық полиция басқармасы атынан 26 сәуір күні тағы да мопед көлігімен болған оқиға туралы ақпарат таратылды: «26 сәуір күні сағат 18:30 шамасында  Құрманғазы-Луговая көше қиылысында  1979 ж.т жүргізуші маркасы Toyota Ipsum автокөлігімен солға бұрылу кезінде қарама-қарсы келе жатқан 2008 ж.т мопед көлік құралының жүргізушісіне соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алды».

Ал, 25 сәуір күнгі қайғылы оқиға бойынша «патрульдік полиция көлігінің заңды талабына бағынбай ауыл ішілік жолда қашып жол апаты орын алды. Қылмыстық іс қозғалып, жан жақты тергелуде».

Айнұр САПАРОВА

Фото: марқұм мінген мотоцикл; мессенджерлерде тарады

28 мамыр, 07:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.