Қаракөл, Жангелдин, Қарабау, Тайсойған және Тасшағыл ауылдарына кіреберіс жолдарға бағаналар орнатылып, көше жарығы жүргізілуде.
Жол учаскесінің жалпы ұзындығы он шақырымнан асады. Сондай-ақ Мұқыр ауылындағы төрт көше жарықпен қамтылуда. 8,2 шақырым жерге жарық шамдары орнатылуда.
Қызылқоға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекция бөлімінің басшысы Ерсағын ҚҰМАРОВТЫҢ айтуынша, биыл барлық жұмыс толықтай аяқталады.
- Тасшағыл, Қаракөл мен Тайсойған ауылына кірмежолды жарықтандыру жұмысы аяқталды. Қазіргі уақытта қосу жұмысы жүріп жатыр. Ал Қарабау мен Жангелдин ауылдарының кірмежолын жарықтандыру жұмысы 85 пайызға бітті. Жыл соңына дейін 5 ауылдық округтің кірмежолын жарықтандыру жұмысын толықтай аяқтап, Мұқыр ауылындағы М.Сұлтанов, М.Дәулетбаев, 4 ауыл және 5 ауыл көшесіне жарық беріледі ,- деді Е. Құмаров
Айта кетейік, Қаракөл, Қарабау, Көздіғара ауылдарындағы көшелерді жарықтандыру жұмысының жобалық-сметалық құжаты жасақталып жатыр. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастау жоспарлануда.
Айта кетейік, Қызылқоға ауданында 1 619 км электр желісі, 285 КТП трансформаторы бар.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Қызылқоға аудандық әкімдігі ұсынған суреттер