Атырау, 18 қазан 17:33
 ашықВ Атырау +7
$ 487.24
€ 529.34
₽ 5.02

Израиль Қазақстанды өзіне дос елдердің қатарына қосты

90 просмотра

Бұл туралы Израильдің белгілі "Detaly" басылымы жазды.

Кейбір араб елдері Израильмен қарым-қатынастарын үзіп немесе үзіліске қойғанда, Қазақстан бұл елдегі дипломатиялық миссиясын жаңартты. 2024 жылғы 11 шілдеде, Тель-Авивте Қазақстанның Израильдегі жаңа елшісі Дәулет Ембердиев Израиль мемлекетінің Президенті Ицхак Герцогқа сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Қазақ елшісі өзара қызығушылық тудыратын салалардағы Қазақстан-Израиль ынтымақтастығын дамыту перспективаларын, сондай-ақ көпжақты құрылымдар алаңдарындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Израиль Президенті Қазақстанмен жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделілігін растады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлімдемесінде: "Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің күрт нашарлауына байланысты терең алаңдаушылық білдірді". Сондай-ақ тараптарды барлық келіспеушілікті тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу үшін ұстамдылық пен кідіріссіз шаралар қабылдауға шақырды.

"Біз Әзербайжанмен де байланыстарымызды күшейтіп жатырмыз! Мен Әзербайжанның Израильдегі елшісі Мұхтар Мамедовпен кездестім. Онымен энергетикалық саладағы серіктестікті кеңейту мәселелерін талқыға салдық. Менің Сыртқы істер министрі лауазымындағы каденциям кезінде Израильде Әзербайжанның елшілігі ашылған болатын. Бұл – Израильдегі бірінші шииттік мемлекеттің елшілігі! Әзербайжанмен байланысымыз стратегиялық маңызға ие. Сондықтан елдеріміз арасындағы ықпалдастықты нығайту бағытында қимылдаймын", – деп мәлімдеді кеше Израильдің энергетика және инфрақұрылым министрі Эли Коэн.

Бұл жерде Коэн маңызды бір жайтта қателесті: шынында да Әзербайжан тұрғындарының 96%-ы Ислам дінін ұстанады. Соның ішінде 70%-дайы – шииттер, 30%-ы – сүнниттер. Соған қарамастан, Әзербайжан "шииттік мемлекет емес", ол – зайырлы мемлекет.

"Энергетика министрінің сауатсыздығы қайран қалдырды. Әзербайжан бірінші не соңғы "шииттік мемлекет" емес. Бұл – Ислам дәстүрін мұра еткен зайырлы мемлекет. Бұл елдегі халықтың басым көпшілігінің шииттерге жататыны мемлекетті "шииттік" етпейді. Себебі, онда мемлекет діннен бөлінген. Оның жанында Эли Коэн сияқтылар шындықпен және өтірікпен түрлі министрлік креслоларға жабысып, билік басында жүрген біздің еліміз мемлекеттік деңгейде күн сайын клерикалды, діншіл болып барады", – деп министрдің қателігін бетіне басты израильдік журналист Эмиль Шлеймович.

Израильдік сарапшылардың айтуынша, халқы Ислам дінін ұстанатын, сонымен бірге мемлекеті клерикализмнен барынша қашық, зайырлы сипатта дамуға ден қойған, діни дәстүрлер мен жоралғыларды ұстамды пропорцияларда сақтаған, бірақ діннің мемлекеттік шешім қабылдауға ерекше ықпал етуіне жол бермейтін мемлекеттер Израильмен жақсы ынтымақтастықты жолға қойды. Олар "Израильдің мұсылман әлеміндегі достары мен серіктестеріне" айналды.

Мысалы, ақпарат құралдарының жазуынша, Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменейдің ұлты – әзербайжан. Оның сүйенген элитасы да негізінен ирандық әзербайжандар. Иран Ислам Республикасының 2024 жылғы 30 шілдеде сайланған жаңа Президенті Масуд Пезешкианның әкесі де – әзербайжан. Пезешкиан сұхбаттарының бірінде әкесі мен шешесін "түркілер" деп атады.

Алайда Иран мен Израиль тіпті де дос емес, керісінше, бүгінде соғыс қарсаңында тұр. Ал, Әзербайжан елімен ықпалдастығы тығыз.

"Walla!" газетінің жазуынша, израильдік "Авиациялық өнеркәсіп" концерні әзірлеген Air Lora баллистикалық зымыранын Әзербайжан үлкен көлемде сатып алды. Былтыр Таулы Қарабахты азат ету соғысында Әзербайжан Air Lora зымырандарын кең қолданған екен. Оларды жерден ұшыруға да, сондай-ақ ұшақтардан атқылауға да болады.

Америкалық Newsweek журналы Қазақстанды "Израильдің достары" қатарына қосыпты. Ол Израильдің бұрынғы Кеңес одағынан тәуелсіздік алған 5 мемлекетпен достық байланыстарды қолдайтынына назар аудартты. Бұлар: Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан.

"Оның ішінде Қазақстан мен Әзербайжан мұсылмандық-еврейлік қатынастардың үлгісін көрсетуімен ерекшеленеді. Қазақстан да, Әзербайжан да – еврейлермен тарихи түрде араласып келген мультимәдениетті қоғамдар. Олар төл тарихының кеңес заманындағы тұсында ғана шамалы антисемитизмге ұрынды. Еврей саудагерлері Ұлы Жібек жолымен сауда жасай жүріп, Қазақстанда XV ғасырда орнықты. Ал, Әзербайжанда, оның астанасы Бакудің сыртында археологтар сонау VII ғасырда тұрғызылды деп есептелетін синагоганың болуының айғақтарын тапты. Сондай-ақ Әзербайжанда "Қызыл Слобода" орналасқан, бұл – Израильден тыс жерлерде сақталып қалған жалғыз штетл, яғни, толығымен еврейлік мекен", – деп жазады америкалық журналист Джозеф Эпштейн.

Шын мәнінде, еврейлердің Қазақстанда сонау 15 ғасырда орныққанын археологтар дәлелдеген жоқ. Бірақ бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі еврейлік синагога – "Бейт Рахель-Хабад Любавич" синагогасы 2004 жылғы қыркүйекте Қазақстанда ашылып, бүгінде жұмыс істеуде. Оған Қазақстанның елордасының төрінде, Есілдің жағалауындағы ең элиталы жер телімінен 5 600 шаршы метр көлемді жер берілген. Ғимараттың биіктігі шатырындағы "Давид жұлдызын" қоса алғанда, 25 метр (шамамен 9 қабаттық үймен тең).

Америкалық Newsweek еврейлік символдар тіпті қазақ жастары арасына кең тарап жатқанына назар аудартады.

"Қазақстанда еврейлерге деген ыстық ықылас-ынта жай ғана төзім-толеранттылық аясында асып кетті. Мысалы, қазақстандықтар арасында екі жылдан бері "өмір" деген ивритше сөз жазылған кулондарды тағу сәнге айналған. Сондай-ақ Әзербайжанда да еврейлерге көзқарас ұқсас: бірінші Қарабах соғысының белгілі қаһармандарының бірі, Әзербайжан жағында соғысқан еврей Альберт Агаруновтың (1969-1992) Бакуде ескерткіші ашылды. Оның есімімен көшелер аталуда. Оның жаназасында раввит молдамен бірге сиынды", – дейді америкалық басылым.

Израильдік ақпарат құралдары "кеңес кезінде де еврейлер славян немесе Балтық елдеріне қарағанда, түркі елдерінде анағұрлым аз қысым көргеніне" назар аудартады. Соның арқасында Орталық Азия сталиндік "қызыл террордан" және гитлерлік "Холокосттан" қашқан 700 мыңдай еврейге пана болды.

"Жаппай жеккөру, қатыгездік таныту, баспаналарын бүлдіріп-қирату, дүние-мүлкін тартып алу сияқты адам төзбес жағдайда өскен еврейлер Қазақстанды және Орталық Азияны паналағанда, оның тұрғындарының өздеріне адам ретінде жақсы қарайтынына қайран қалды. 1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, осы халықтар тәуелсіздігін жариялағанда, олармен толыққанды дипломатиялық қарым-қатынастар орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі Израиль болды. Өткен жылы Газа секторында соғыс басталғанда, "мұсылман әлемінің" қысымына қарамастан, Қазақстан мен Әзербайжан Израильмен қарым-қатынастарын сақтап қана қоймай, оны ары қарай кеңейтті", – деп жазады израильдік "Detaly" басылымы.

Оның хабарлауынша, "Иран мұсылман елдерін Израильге мұнай жеткізуді доғаруға шақырғанына қарамастан, Қазақстан мен Әзербайжан еврей мемлекетіне қажет болған мұнайдың 60%-ын қамтамасыз етті". Бұл ретте Баку Израильге мұнай экспортын бірден 28%-ға арттырған.

Осыған ашуланған палестинашыл шерушілер биылғы жылы Ыстамбұлда Әзербайжанның Socar мемлекеттік мұнай компаниясының штаб-пәтеріне басып кіріп, қиратып кетті. Бұл оған тежеу болмады: Баку биылғы қыркүйекте екі елдің қорғаныс байланыстарын одан әрі тереңдететін жаңа меморандумға қол қойды.

Жалпы, Израильмен ынтымақтастықтан басқа түркі елдеріне қарағанда ең көп ұтқаны – Әзербайжан. Израиль Қазақстанға бермеген ең озық қару-жарағын: заманауи автомат-винтовкаларынан бастап зымырандары мен дрондарына дейін Әзербайжанға беріпті.

Сондай-ақ Баку қара алтынын Израильге қымбатқа сатып, мол табыс табуда. Оның көлемін бір жылда 28%-ға арттырғаны әлгінде айтылды.  

Бұдан бөлек, Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы 2023 жылғы шілдеде Израильдегі газ кен орнын барлау мүмкіндігін иеленді. Қазақстанға тағы да мұндай игілік тиген жоқ. Израиль аумағында көгілдір отынды Socar британдық BP-мен бірге өндіруі мүмкін.

Reuters мәліметінше, оларға "Левиафан" және "Тамар" ірі кен орындарына жақын орналасқан, Жерорта теңізінің қайраңындағы қос блок ұсынылды.

Дегенмен, Израиль әлі күнге Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізбегенін айта кеткен артық болмас. Дәл осы кезде, Әзербайжан мен Израиль 20 желтоқсанда визалық режимді оңайлату туралы келісімге қол қойды. Сондықтан қазақстандық келіссөзшілер белсендірек, табандырақ әрекет етсе жөн.

Америкалық басылым бүгінде Әзербайжан мен Израильдің барлау, қорғаныс, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, энергетика, инфрақұрылым және сауда салаларында ынтымақтастықты кеңейтіп жатқанын қаперге салды. Демек, Қазақстан үшін үлгі бар. Израильдің қуатты қаруы қазақ елінің тәуелсіздігін нығайтуға үлес қоса алар ма еді?

Бүгін, 13:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.