Ливанның солтүстігінде Израиль әуе күштерінің шабуылынан кемінде 21 адам қаза тапты, деп хабарлады билік. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды Kazinform.
Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шабуыл негізінен христиандар тұратын Айту кентіне жасалған.
Бұл жер Израиль әскері әдетте шабуыл жасайтын Бейрут пен басқа аймақтардан біршама алыс.
Оқиға орнынан алынған ақпаратқа сәйкес, соққы салдарынан тұрғын үй толығымен қирады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, онда Ливанның оңтүстігінен солтүстікке жақында көшіп келген отбасылар тұрған.
Израиль соққыға қатысты әлі түсініктеме берген жоқ, бірақ дүйсенбі күні премьер-министр Биньямин Нетаньяху «бүкіл Ливандағы «Хезболлаға» соққы жасауды жалғастыруға» уәде берді.
Ол бұл мәлімдемесін жексенбіде «Хезболланың» ұшқышсыз басқарылатын ұшағынығың шабуылынан израильдік төрт сарбаз қаза тауып, ондаған адам жарақат алған Израильдің солтүстігіндегі әскери базаға сапары кезінде жасады.
Бұл ливандық топтың соңғы жылда Израильге жасаған ең ірі шабуылы болды.
Содырлар шабуылдың Ливанда 1700-ге жуық адамның өмірін қиған соққыларға жауап ретінде жасалғанын мәлімдеді.