«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Жаңаөзен қаласында өндіріс мәселелеріне қатысты жиындар өткізді, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, ҚМГ басшысы «Өзенмұнайгаз» АҚ-да 2024 жылға арналған мұнай өндіру жоспарының орындалу барысы туралы есеп тыңдады. Қабат қысымын ұстап тұру жүйесі, ұңғымаларды жөндеу және геологиялық-техникалық іс-шаралар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасы талқыланды.
Мұнда ҚМГ басшысы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның бірқатар өндірістік нысандарын аралады.
Сонымен қатар А.Хасенов Кендірлі кентінде теңіз суын тұщыту зауытының құрылыс барысымен танысты. Қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын жаңа зауыт Жаңаөзенде ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Жобаны іске асыру «Астрахань — Маңғышлақ» магистральды су құбырына техникалық жүктемені азайтуға да ықпал ететін болады.
— Кендерліде теңіз суын тұщыту зауытын салу — өңірді сумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба. Бұл жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, Жаңаөзен қаласында өнеркәсіпті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, — деп атап өтті А.Хасенов.
Жалпы, аталған зауытты салу жұмыстарына 654 адам, 200-ден астам құрылыс машинасы мен механизмдер (соның ішінде автожол және теңіз түбін тереңдету техникасы) жұмылдырылды.
Зауыттың инженерлік инфрақұрылымы бойынша жұмыстар 76%-ға орындалды, соның ішінде ұзындығы 201 км магистральды су құбыры және ұзындығы 83 км жоғары вольтты электр энергиясын беру желісі 90%-дан астам орындалды.