Атырау, 14 қазан 19:17
 ашықВ Атырау +7
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрін қабылдады

81 просмотра
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Президентке аграрлық саланы дамытудың биылғы 9 айдағы қорытындысы баяндалды. Министрдің айтуынша, бүгінде егіннің 98 пайызы жиналып, 25,2 миллион тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік әр гектардан 15,5 центнерді құрайды. Диқандар 1,2 миллион тонна қант қызылшасын жинамақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар жем-шөп түрлерін де көптеп жинау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, егін егу және жинау науқанын қаржыландыру көлемін ұлғайту шаралары қолға алынды. Биыл осы мақсатқа алғаш рет 5 пайыз мөлшерлемемен 580 миллиард теңге бөлінді. Қаржы шаруаларға субсидиясыз, тікелей беріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, 2025 жылы аталған бағыттағы қаржыландыру көлемін 900 миллиард теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Оның ішінде жеңілдетілген лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникасын алуға 200 миллиард теңге бөлінеді. Төмен пайызбен берілетін несиені тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне өзгеріс енгізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 9 айда 796 мың тоннадан астам ет өндірілгені жөнінде мәлімет берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық. Сүт өндіру көлемі 4,2 пайызға өсіп, 2,8 миллион тоннаны құраған.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту және отандық өнімді өткізу нарықтарын кеңейту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Сүт, ет, күнбағыс, күріш, жүгері және қарақұмық өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізу көзделген.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына ведомствоның келесі жылға арналған жоспары таныстырылды. Министр егістіктерді жедел әртараптандыру жұмыстары жалғасатынын айтты. Ол үшін суды көп шығындайтын және бір ғана дақыл түрі егілетін алқаптарды азайтып, көбірек пайда әкелетін өнім түрлерін өсіруге басымдық беріледі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.

Бүгін, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.