Биыл даңқты жерлесіміз, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, дивизия барлаушысы, «Даңқ» орденінің толық иегері Шүкір Еркіновтың туғанына 100 жыл толуына орай Қызылқоға ауданында «Ел есіндегі Еркінов» тақырыбымен бірнеше шаралар ұйымдастырылды.
Қызылқоға ауданы әкімдігі мен Шүкір Еркінов республикалық қоғамдық қоры ұйымдастырған апталық шаралар легі Жасқайрат ауылындағы Ш.Еркінов атындағы орта мектебінің алдында орналасқан батырдың ескерткішіне гүл шоғын қоюмен басталып, Миялы ауылында шағын футболдан турнир, аудандық волейбол, жазба ақындар мүшәйрасы, мектеп оқушылары арасында батырдың ерлігін суреттейтін шығарма жазу байқаулары ұйымдастырылды. Шара барысында батырдың атындағы мектептің бір бұрышынан Шүкір Еркіновтің атына музей ашылды.
Музейдің ашылуында батырдың немере інісі Ардабай Қосаев - «Батырдың есімімен аталатын мектепте мұражай ашу бұл біз үшін өте маңызды іс. Себебі, ұрпаққа тәрбие беретін бұл мектептің ішінде балаларды ерлікке, елдікке, батырлыққа тәрбиелейтін мұражай болады деп сенеміз» - деп атап өтті.
Музейге батырдың «Үдік артеллерист», «Үздік барлаушы», үш мәрте жеңіп алған «Даңқ» ордендері мен майдан кезінде қолданған автомат, дүрбі сынды қарулары, киімдері, түрлі ұрыс даласындағы заттардың көшірмелері қойылған. Сондай-ақ, сол кездегі түрлі шетелдік және жергілікті басылымдарда да жарияланған майдангердің ерен еңбегі мен өшпес батырлығы жазылған мақалалар орын тапқан.
Шара батырдың туған Ойыл ауылдық округіндегі «Шалқыма» мәдениет үйінде облыстық ақындар айтысымен қорытындыланды.
Айтысқа Атырау облысынан Республикалық айтыстардың жеңімпазы Саадат Нұрманов бастаған 7 ақын және Астанадан белігілі айтыскер Балғынбек Имашев келіп қатысып, ақындар Шүкір батырдың ерлігін жырға қосып, халыққа рухани кеш сыйлады.
"АЖ" анықтамсы:
Шүкір Еркінов 1924 жылы Ойыл ауылдық округіне қарасты Дәулетиман елді мекенінде дүниеге келген. Он сегіз жасында қолына қару алып, өз еркімен майданға сұранған. 1942 жылы әскер қатарына алынған ол аз уақытта Орынбор облысының Бұзылық қаласында әскери дайындықтан өтеді де, Батыс майданында барлаушы болып соғысқа қатынасады. Майдандағы қаһармандық ерлігі үшін 1, 2, 3 дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталып, «Германияны жеңгені үшін» медалін, Жоғары үздік бас қолбасшы И.В. Сталиннен сегіз рет Алғыс алған, «Үздік артиллирст», «үздік барлаушы» белгісін таққан.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ