Атырау, 22 қараша 13:27
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

«Үйінді астында қаламыз ба деп зәре жоқ»

Сурет Бейнежазба
1 677 просмотра

Құлсары қаласындағы «Атамұра» ықшамауданының тұрғындары күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалған. 1946 жылы  тұрғызылған әбден ескіріп-тозған үйдің алды құлап қалып жатыр.

- Міне, мына үйімнің (суретте) бір жақ қабырғасы түгел опырылып, құлап қалды. Қайта оқиға күндіз орын алды, түнде шырт ұйқыда жатқанда тірі қалуымыз неғайбыл еді. Үш ай болды, туыстарды жағаладық, одан теміржол вокзалы жақта 60 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Өзімнің алатыным 85 мың теңге, оны несиелерді жабуға жұмсаймыз, ал баламның еңбекақысы 160 мың теңге, ол үш баласының алиментіне кетеді. Күнкөріс қиындады, жаман да болса баспанамыз бар еді, енді өлместің күнін көріп отырмыз, - дейді Жұмағыз ДЕМЕСІНОВА.

- Көмектесіңдерші әкімдік, мына үйде қалай өмір сүруге болады. Бәріміздің үйіміз құлайын деп тұр, жыл сайын жөндеймін, биыл оған да келмей тұр, қабырғалар ажырап жатыр, дала көрінеді. Бұл жерге қоныстанғандар жағдайы төмен отбасылар, ана бір үйде екі мүгедек баласымен тұрып жатыр, ал мына келіншектің күйеуі вахтада жұмыста, өзі диализ алады. Басқа баспана сатып алуға немесе салып алуға жағдайымыз көтермей тұр, - дейді Ұларқыз РАХМАНОВА.

Бұл барак үйлер екінші дүниежүзілік соғыста Жеңіс күнінен кейін бір жылдан соң тұрғызылған. Кезінде іргетасы құйылмаған, кірпішпен өріп салған, қабырғасы саман кірпіш. 78 жылда ол іргетасқа салынған кірпіш топыраққа айналып, жерге кіріп кеткен. Жауын-шашын жауса шатырдан су кетеді, төбе құлап жатыр, терезе шақ келмейді, үй отырған сайын шытынап жарылып жатыр, есіктері жабылмайды. Кейбір тұрғындар терезенің сыртынан жел кірмес үшін целлофанмен қаптап қойған. Сыз иістен түрлі зиянкес қаптап жүреді, кірпі, тышқан жайлаған.

Осындай жағдаймен бірнеше жыл қиындық көрген үй тұрғындары әкімдікке қайта-қайта барып, көмек сұрағанда «апатты деп тану жөнінде құжат алыңдар, үй кезегіне қоямыз» деп шығарып салыпты. Тұрғындар өздері бірлесіп ақша жинап, 2022 жылы апатты деген құжат жасатып барып үй кезегіне тұрыпты.

- Ол кезек жай жүріп жатыр, жаңа баспанаға қолымыз жеткенше бұл үйлер түгел құлайды. Мен мына Жұмағыздың үйімен жарлас тұрамыз, қазірден қабырғалары қақырап қорқыныш туғызып тұр. Негізі әкімдік апатты үйлер үшін сатып немесе салып беру үшін 1 млрд теңге ақша бөлген, бірақ ол қаржы су тасқынына ұшарағандарға жұмсалып кеткен. Сонда біз кімбіз, осы қала тұрғындары емеспіз бе. Неге ондай қадамға барды, енді 2025 жылдың сәуірінде қайта қаржы бөлеміз дейді. Осы сөзге тұра ма, тағы өзгеріп кетпей ме, әкім ауысып, жаңадан келген әкім бұл уәдені орындай ма? Негізі алдымыз қыс, мына түрімізбен келесі жылға дейін бұл үй тұра ма, жоқ, құлап қала ма. Баспана түгел құлап, үйіндінің астында қырылып қалмауымыз үшін үйдің мәселесін тез арада неге шешпейді, нені күтіп отыр, - дейді Серікболсын ҚОЗЖАНОВ.

Мейрам ҚАМЫСПАЙ үйдің төбесінің жауында су кетіп, түсіп жатқанын, зейнеткер Гүлнар СӘРСЕН түн ұйқысында үй құлап, немерелері зардап шегіп қалмасын деген қорқынышын, ал Нұрғайша ИМАНҒАЛИҚЫЗЫ да отбасында төрт баласы барын, ешқандай жағдай жасалмай отырғанын ашына жеткізді.

Жылыой ауданы әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ іссапарда болып шықты, ал міндетін атқарушы, оның орынбасары Нұрболат САРМАНОВ былайша жауап берді:

- Жалпы қалада «Атамұра» ықшамаудандағы үйлерді есептеменде апатты үй саны - 23. Биыл апатты үйлер үшін бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөінген болатын, алайда ол ақша су тасқынынан зардап шеккендерге жұмсалды. Енді келесі жылы апатты үйлер үшін жаңасын салу немесе сатып алуға қаржы бөлінбекші. Сонда ғана осы мәселе шешіледі.  

- Кейбір үй тұрғындары пәтер жалдап жүр, олардың уақытша тұруына баспана мәселесін шешуге болмай ма? Мәселен, «Болашақ» ықшамауданынан жүз үй салынды.

- Жоқ, ол үй берілмейді, бірінші кезекте су тасқынынан зардап шеккендерге беріледі, бізде уақытша тұратын пәтер де жоқ.

Мұнайымен күллі елге аян Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы жағдай осы.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

14 қазан, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.