АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трампқа үшінші рет қастандық жасамақ болған қарулы адам ұсталды. Бұл жайлы Калифорния штаты, Риверсайд округінің шерифі хабарлаған.
«Мүмкін, біз тағы бір қастандық әрекетінің алдын алған шығармыз», – деп мәлімдеген шериф Чад Бьянко.
Оқиға 12 қазан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00 шамасында болған. Қарулы ер адам бақылау-өткізу бекетінде ұсталған. Ол Лас-Вегастың 49 жасар тұрғыны Вам Миллер есімді азамат болып шыққан. Миллер Трамп митиң өткізіп жатқан жерге, жалған рұқсат қағазымен өтуге ниеттенген. Артынша оның үкіметке қарсы оңшыл топтың мүшесі екені белгілі болған
Полиция қызметкерлері күдіктіні тұтқындау барысында шолақ мылтық пен оқталған тапанша тапқан. Қазіргі уақытта Миллер заңсыз қару сақтағаны үшін қамауға алынған. Құқық қорғау органдары оқиғаның Трамп пен шараға қатысушыларға залал келтірмегенін мәлімдеген.
Ал АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы (ФБР) «Трампқа қастандық жасамақ болды» деген полиция мәлімдемесімен келіспейді. Бюро мәліметінше, экс-президенттің өміріне қауіп төнбеген. Күдікті де өзіне тағылған айыппен келіспен.
Осы оқиғаға байланысты АҚШ президенті Джо Байден пікір білдіріп, Трамптың үгіт-насихат жұмыстарын қауіпсіз жалғастыру үшін қажетті жағдай жасалатынын, оған президентке тиесілі қауіпсіздік шаралары қолданылатынын жеткізген.
Еске сала кетсек, бірінші рет Дональд Трампқа Пенсильваниядағы сайлауалды кездесуде қастандық жасалды. ұл оқиға кезінде ол жеңіл жарақаттанды. Адасқан оқ үш адамға тиген. Салдарынан бір адам көз жұмды, ал екі азамат жарақат алды.
Ал екінші қастандық 15 қыркүйек күні Флорида штатының Вест Палм-Бичтегі гольф алаңында жасалмақ болған. Құпия қызмет агенттері бұл алаңға жақын жердегі ағаштардың арасынан қарулы адамды байқап қалған. Ол адам агенттерден бой тасалап үлгерген. Артынша күдіктінің ұсталғаны хабарланды. Күдікті 58-ден асқан Гавай тумасы – Райан Уэсли Роут болып шыққан.