Атырау, 2 қараша 23:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +6
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Атырауда жаңа Салық кодексінің жобасындағы негізгі өзгерістер талқыланды

1 112 просмотра
Сурет: Қаржы министрлігі

ҚР Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексіндегі нормаларды талқылау мақсатында өңірлерде бизнес өкілдерімен кездесулерді өткізуді жалғастырып келеді. Бұл жолы Қаржы министрі Мәди Такиев бастаған делегация Атырау облысына болды.

Аталған өңір кездейсоқ таңдалған жоқ. Неге десеңіз, 2023 жылы еліміздегі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің 24% Атырау облысына тиесілі болды. Сонымен қатар өңір инвестиция тарту бойынша республикалық рейтингте көшбасшы орынға ие.

Облыс орталығында өткен кездесуге халықаралық және отандық мұнай компанияларының өкілдері мен Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының кәсіпкерлері қатысып, оның барысында мұнай саласына салық салу мәселесі пысықталды. Бұл орайда Қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин және ҚР ҚМ МКК төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан Салық кодексіндегі жаңашылдықтар туралы айтып берді. Кездесуге Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев та қатысқанын айта кетейік.

"Мұнай саласы бюджет түсімдерінің едәуір үлесін қамтамасыз ете отырған ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болып саналады және солай болып қала беретіні күмәнсіз. Біздің мақсатымыз – барлық тараптың: мемлекеттің, бизнестің және тұтастай қоғамның мүдделерін ескеретін салық салу жүйесін құру. Алдымызда саланың орнықты дамуына ықпал ететін, инвестицияларды ынталандырып, инновациялық технологияларды енгізетін тиімді және әділ салық жүйесін құру бойынша міндеттер тұр", деді Мәди Төкешұлы.

Ведомство басшысы жаңа Салық кодексінің жобасында салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер саны азаятынын атап өтті. Маңызды фискалды қайтарымсыз төлемдерді алып тастау және олардың кейбірін біріктіру жоспарланған. Жүйелік шаралар ретінде салықтық жеңілдіктер ұғымын нақты реттеу ұсынылып отыр.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа өндірістерге инвестицияларды ынталандырумен қатар Салық кодексінің жобасы ескі сарқылып жатқан кен орындарындағы өндірісті қолдауға бағытталғанын айтты.

  • "Мұнай-газ және тау-кен салалары бюджет кірістерінің көп бөлігін қамтамасыз ететінін ескере отырып, жаңа шаралар бюджетке түсетін түсімдерді, сондай-ақ жұмыс орындарын тұрақты ұстауға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс істеп тұрған немесе жаңа кен орындарын барлау әлеуеті бар өңірлерді дамыту үшін маңызды", - деді вице-министр. 

    Ал Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржановтың айтуынша, жаңа Салық кодексінде жоспарлы тексерулерді жүргізу тәртібі өзгертілді. Мұндай іс-шараларды тағайындау салық төлеушінің қызметін талдау қорытындылары бойынша жүргізілетін болады. Сонымен қатар тексерулер электронды форматқа ауыстырылады.

    "Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында салықтық әкімшілендіруді цифрландырудың стратегиялық маңыздылығы туралы айтылғаны белгілі. Сондықтан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және ашықтықты қамтамасыз ету үшін Қаржы министрлігі салық саласындағы процестерді электронды форматқа көшіруді жеделдетуді қолға алды", - деп қорытындылады Мәди Такиев.

    Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар тек нәтижелі диалог қана жаңа Салық кодексінің жобасына салық салу мен мұнай-газ саласын әкімшілендіру бойынша тиімді тәсілдерді енгізуге мүмкіндік беретінін түсінді.

  • 11 қазан, 18:26

    Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

    Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.