№20 автобусындағы билеттер (оқырманымыз түсірген сурет).Автобустардағы билеттер: қанға сіңбеген қасиет
«Жақында қалалық және қала сыртына қатынайтын жолаушылар маршруттарына бір реттік билеттер енгізілді. Алайда кондукторлар қайталап сұрамасаң, оларды бермейді. Барлық қалалық автобустарға іліп қойған шағым айту телефондарына ешкім жауап бермейді, көбіне автомат жауап қатады. Салықшылардың қайда қарап отырғанын білуге бола ма екен?».
Бұл «АЖ»-ға келіп түскен көптеген шағымдардың біреуі ғана. Үнемі автобуспен қатынайтын қалалықтар арасында жүргізген шағын сауалнама нәтижелері 1 сәуірде енгізілген билеттік жүйе туралы ешкім естеріне де алмайтындығын көрсетті. Кондукторлардың көпшілігі билет бермейді, ал жолаушылар арасында билет талап ететіндер жоқтың қасы. Бұл жолаушылардың нақты саны жасырылып, тасымалдаушы компанияның бюджетке салық төлеуге негіз болатын шынайы кірістері көрсетілмейді деген сөз.
БАЯҒЫ ЖАРТАС...
Біз «АйсТрансХолдинг» ЖШС директоры Мақсот СҮЙІНОВКЕ нақты жолаушылар айналымын көрсететін деректер жоқ жағдайда ЖШС салықты қалай төлейді деген мазмұнда редакциялық сауал жолдадық. Ол өзінің жауап хатында мұндай мәселелердің бар екендігін мойындады: «Шынымен де, билет жүйесі енгізілгеннен бері қалалықтар бірнеше рет (жазбаша да, ауызшы да) кондукторлар жіберіп отырған ереже бұзушылықтар туралы шағымданды. ЖШС басшылығы кондукторлар мен диспетчерлердің қатысуымен бірталай жиналыс өткізді. Жолаушылар шағымы бойынша тексерулер жүргізіліп, билет бермеу фактілері расталды. Бұзушылықтарға жол берген кондукторлар біздің тарапымыздан тәртіптік, ал салық және көлік комитеттері тараптарынан әкімшілік жазаға тартылды. Сонымен қатар біз мұндай заң бұзушылықтармен күрестің жаңа әдістерін әзәрлеп жатырмыз».
Жауап хаттан, сондай-ақ, «АйсТрансХолдинг» ЖШС-нің басшылығы бұзушылықтардың алдын алу үшін арнайы шұғыл топтар құрғанын білдік. Осындай топтар Атырау қаласы бойынша салық басқармасында да бар. Ал салық төлеу бойынша сауалға «Салық төлеу өткізілген билеттер санына сәйкес төленеді» деп жауап берілді.
САЛЫҚШЫЛАР МІНДЕТТІ ЕМЕС
«АйсТрансХолдинг» ЖШС басшылығының бұл әрекеттері мақтауға тұрарлық. Алайда менің ойымша, салықшылар ЖШС әкімшілігіне бір-екі рет жақсылап айыппұл салса, мәселе тез шешілер еді. Өйткені бюджетті салық түсімдері ретінде толтыратын бірталай қаражат далаға кетіп жатыр ғой.
Редакциялық сұранысымызға орай Атырау қаласы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары А. ҒАЛИМОВТЫҢ қолымен келген жауап хат бізді қуанта қойған жоқ. Ол үкіметтің 02.06.11 жылғы №767 қаулысымен бекітілген Жолаушылар мен олардың жүктерін автокөліктермен тасымалдау ережесінің 200 және 201-тармақтарына сілтеме жасап, жолақысын қолма қол ақшамен төлеу жолаушыға бір реттік билет беру арқылы белгіленетіндігімен келісіп отыр. Алайда: «...жолаушылар тасымалы кезінде билет беруге бақылау жасау салық органдарының құзіреттілігіне кірмейді. Салықтық бақылау тасымалдаушы есептерінің Салық кодексінің 645-бабы 2 тармағына сәйкестілігі негізінде жүзеге асырылады».
Тағы да тұйыққа тірелдік.
Тамара СУХОМЛИНОВА