Атырау, 2 қараша 23:13
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +6
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

«Митингке шықпаңыздар, мен ашық сот талап етем»: марқұм Шерзаттың әкесі мәлімдеме жасады

548 просмотра
Baq.kz

Алматы облысы Талғар қаласында бір топ бұзақы өлтіріп кеткен 16 жастағы жасөспірім Шерзат Қаржаубайұлының әкесі Қаржаубай Нұрымов мәлімдеме таратты. Оның видеосы әлеуметтік желіге тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ӨТІНІШІМ БАР ХАЛҚЫМ»

Қаржаубай Нұрымов ең әуелі, осындай қиын кезеңде қайғы жамылған отбасына көмектескен қазақ еліне басын иіп, алғысын айтады. Өзі Қонаевта қаласында орналасқан Алматы облысының полиция департаментінің барған. Сол жерден шығып, іс оңынан қаралып жатқанына көзі жеткен. Сонымен бірге, Қаржаубай Нұрымов экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан өлген Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіге адвокаттарды тауып бергені үшін рақмет айтты.

«Өтінішім бар, халқым. Ешқандай митингіге шықпаңыздар, қантөгіс болмаса екен. Бір шоғырланған адамдар келіп, сол сәтті дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасай ма деймін. Сол себепті халқым өтініп сұраймын: еш көтеріліс керек емес. Өз қағидам – заң аясында дұрыс әрі әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын. Шыны керек, қандай да бір ақпараттар болып жатса, өзім ғана бөлісемін. Видеожазбаға, аудиожазба, фотоларға сенбеңіздер. Ақылы түрде адвокат жалдауға тура келеді. Өзім үшін қорықпаймын. Кім келсе де, қандай жағдай болсын сөйлесе алам, өз басыма жауап бере алам. Ал отбасымның жеке қауіпсіздігі уайымдатады», – дейді марқұмның әкесі.

ҚОРҚЫТҚАНЫ РАС...

Қаржаубай Нұрымов өзін бір емес, бірнеше рет қорқытқанын ашық айтты. Сөзінше, біреулер «заңгерміз» деп шақырып алып, қоқан-лоқы көрсеткен.

«Халқымнан сұраймын – қан төгілмесін. Ашық сот болуын талап етем. Ашық сот болса, оң шешім болады. Арандатуға түспеңіздерші. Аналар жыламасын, балалардың қаны төгілмесін. Бауырларым, арандап, алданып қалмайықшы. Жоғарыдағы ағалар да заң аясында қолға алып жатыр. Ертең Астанадана, ІІМ-нен адам келеді. Енді мен басқа балалардың болашағы жақсы болсын деп тілеймін», – дейді ол.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. Көп өтпей марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, құқыққорғаушы Айтбек Амангелді Талғарда өлтірілген бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып беретіні хабарланды.

Бұған дейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.

10 қазан, 14:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.