Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы Жастар үйінің күрделі жөндеу жұмысы өз мәресіне жетпей тұралап тоқтап қалғанына жылдан асты.
Ғимараттың ішіне кіру мүмкін емес, сыртқы ауласы құлыптаулы. Сыртқы көрінісінің өзі адам шошырлықтай күйде, төсемтастар, түрлі құрылыс материалдары әр жерде жайрап шашылып жатыр. Ғимараттың шатыры ауыстырылғанымен әлден-ақ төбесі жалбырап ашыла бастаған.
Бұдан 70 жыл бұрын мұнайшылардың мәдениет клубы болған еді. Кейін жергілікті әкімдіктің балансына беріліп, Жастар үйі мәртебесіне ие болды. Дегенмен жылдар өте тозығы жеткен ғимарат күрделі жөндеуге сұранып тұрды. Осылайша бюджеттен 161 млн 184 мың теңге бөлініп, мердігер «Алтын жаңбыр-Золотой дождь» ЖШС күрделі жөндеу жұмысын 2022 жылдың 28 қарашасында бастап, 2023 жылдың 28 мамырында аяқтауды өз міндетіне алады. Бастапқыда жұмыс қарқынды жүріп, ғимараттың шатырын, жылу жүйесін, терезесін ауыстырып, электр желісін жаңартады.
- Бірақ әлі де атқарылар бірталай жұмыстар бар еді. Ғимараттың үлкен көрермен залы, еден, есік ауыстыру, сыртқы келбеті жасалған жоқ, абаттандыру толық аяқталмады. Жұмыстары қожырап, тіпті графиктен едәуір кешікті. Мердігердің кесте бойынша жұмысынан кешігіп жатқаны жөнінде бірнеше рет ауызша ескертіп, тіпті ресми түрде хат та жаздық. Бірақ одан нәтиже шықпады, өз міндеттемелерін уақытылы және тиісті деңгейде орындамағаны үшін Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа талап арыз бердік. 2023 жылдың 16 қарашасында болған сотта судья талап арызды қанағаттандырып, мердігермен болған келісім шартты бұзып тастады, - дейді Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Игорь ЛЯН. – Қазіргі уақытта жұмыстарды аяқтау үшін жоба түзетуден өтті. Себебі, бастапқы жобалау-сметалық құжаттама 2019 жылы жасақталған. Одан бері құрылыс материалдары бірнеше рет өсіп, баға шарықтады. Енді жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.
И.Лян бұдан кейін жаңа мердігерді анықтау жұмысы жүретінін, қалған жұмысты аяқтайтынын жеткізді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор