Атырау, 11 қазан 06:47
 ашықВ Атырау +13
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Иесіз қалған ғимараттар

2 823 просмотра

Индербор поселкесінің тұрғындары иесіз қалған ғимараттардан қауіптеніп отыр.

Кеңестік дәуірмен құрдас бұрынғы аудандық ІІБ ескі ғимаратының (суретте) иесіздік қамытын кигеніне екі жылға таяды. Есік, терезесі жұлынып, төбесі құлаған ғимарат поселкенің қақ ортасында орналасқан.

- Ит, мысық жайлаған бұл орын бүгінде қорқыныш туғызып отыр. Ішінде кейде балалар да ойнап жүреді. Ғимараттың төбесі құлайын деп әрең тұр. Ал  балалар ол жерге бармаңдар десек те, тыңдамайды. Сонда ойнағанды қызық көреді. Қауіп-қатер аяқ астында. Біреуге бірдеңе болып қалса, кім жауап береді? - дейді поселке тұрғындары.

Ғимарат облыстық ІІБ балансында. Поселке әкімдігі бірнеше рет хат жазғанымен, ғимаратты бұзып алуға асығар емес.

- Жақында облыстық ІІБ бастығы А.ЖАЛМҰХАНБЕТОВТЕН жауап келді. Онда ғимаратты аукционға салуға кеңес беріпті. Ал аукционға салып, сату біздің құзырымызға кірмейді, оны олардың өздері шешуі тиіс, - дейді Индербор поселкесінің әкімі Бөкенбай НҰРҒАЛИ.

2011 жылы поселкенің Барлаушылар ықшам ауданындағы 8 пәтерлік 2 қабатты үй (суретте) өртеніп кеткен болатын. Кейін тұрғындар басқа үйлерге көшкенімен, бұрынғысы тас-талқан күйінде иесіз қалып қойды.

- Бізге қызметтік тұрғыда үй беріп, қалдық құнымен сатып алыңдар деген болатын. Әрқайсысы 2-3 млн теңге тұратын пәтерлерді сатып алуға біздің жағдайымыз жетпейді. Егер ондай қаржымыз болса, әкімиятқа жалынбай, өз қамымызды ойлар едік қой. Өртеніп кеткен пәтерлер біздің жекеменшігіміз саналған, -дейді тұрғындар.

Үй құжатының тұрғындарда болуына байланысты оны бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Поселкедегі алқа-салқасы шыққан ғимараттар жайы осылайша тұйыққа тіреліп отыр. 

Индербор поселкесінің орталығында ескі бейіт орналасқан. Бір кездерде ол жер поселкенің ең шеті саналған еді. Бүгінде прокуратура, базар, дүкен, үйлердің ортасында қалған бейіт қоршаусыз болғандықтан, жүргінші жолына айналды.

Жолды қысқартпақ болғандар тура бейіттің үстін басып өтуде. Оның үстінде мал да жүреді сүйкеніп. Содан да құлпытастар құлап жатыр.

- Бұл жерде адамдар жатыр ғой. Бұл жерде менің 14 жасында бақилық болған сіңлімнің сүйегі де жатыр. Бейітті көшіру немесе қоршау жағы неге ойластырылмайды? - дейді Жұмағыз есімді тұрғын.

Бұдан екі жыл бұрын Индербор поселкесінің әкімі Бөкенбай НҰРҒАЛИ демеушілікпен бейіттің қоршалатыны жайында айтып еді. Алайда іс әлі қолға алына қойған жоқ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

11 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.