Атырау, 13 қараша 08:12
 ашықВ Атырау +2
$ 494.95
€ 525.49
₽ 5.05

Ресей Қазақстанға көкөніс пен астық экспортын тоқтату жөнінде хабарлама жолдады

364 просмотра
Ашық дереккөзден алынған сурет

Россельхознадзор Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ресей Федерациясына экспортталатын астық, қызанақ, бұрыш және күнбағыс тұқымдарына фитосанитарлық сертификат беруді тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Курсив.

«Россельхознадзор» мәліметінше, бұл шешімге Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясының аумағына тасымалданатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін карантиндік объектілерге жатқызылатын өнімдер санының артуы себеп болған. Мекеме хабарламасында Ресейдің фитосанитарлық әл-ауқатын сақтау маңыздылығы да айтылған.

Бұдан бөлек, елдегі жылыжай кешендерінің және отандық селекциялық және тұқым шаруашылығының даму қарқыны мен ресейлік астық және жеміс-көкөніс өнімдерін экспорттау көлемінің артуы да елдің Қазақстаннан кіргізілетін өнімдерге шектеу қоюы туралы шешіміне әсерін тигізген.

«Россельхознадзор» ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетіне 2024 жылғы 23 қыркүйектен бастап Ресей Федерациясына экспортталатын астық және астық өңдеу өнімдеріне, қызанақ пен бұрышқа, сондай-ақ күнбағыс тұқымдарына (үшінші елдерден шығарылған) фитосанитариялық сертификаттарын беруді тоқтата тұру туралы ұсыныспен жүгінді», – делінген хабарламада.

Түсінгенімізше, Ресей Қазақстан территориясы арқылы өтетін басқа елдерден келетін өнімдерге фитосанитарлық сертификат беруді тоқтатады. Яғни Қазақстан тарапынан Ресейге келетін басқа шетел өнімдерін кіргізбеу сұралып отыр.

Осы орайда «Россельхознадзор» ақпараттық жүйелері жоғарыда аталған өнімдер Қазақстан Республикасынан әкелінген болса, фитосанитарлық құжаттар автоматты түрде бұғатталатынын мәлімдеген.

Еске сала кетсек, Қазақстан Ресейден келетін бидай импортына тыйым салған болатын.  Бұған Ресейден келетін астық импортының елдің ішкі және сыртқы нарығына қысым көрсете бастағаны себеп болған. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы 5 айында елге Ресей Федерациясынан 1 млн тоннадан астам бидай әкелінген екен. Осы орайда Сенат депутаты Арман Өтеғұлов  үкіметке сауал жолдап, Қазақстанның жаңа экспорттық бағыттар тауып, бидай өңдеу саласын дамытуға көңіл бөлуін сұраған. 

Ал Қазақстанның бұл шешімінен кейін Ресей тарапы Қазақстанның астық экспорттаушыларына қысым көрсете бастаған. Бұл жайлы Астанада өткен Agricom форумында Астық одағының басшысы Нұрлан Оспанов айтты. Ол Ресей тарапының қазақстандық экспорттаушыларға «белгілі бір қиындықтар» туғызып отырғанын мәлімдеді.

Оспановтың айтуынша, Ресей өз территориясы арқылы үшінші елдерге астық жеткізу тізбегіне тосқауыл болып отыр. Салдарынан астық экспорттаушылар Еуропа мен басқа үшінші елдерге астық жеткізе алмай қалған. Сонымен бірге, уақытының кешігуіне байланысты кәсіпкерлер үлкен шығынға батқан. Одақ басшысы бұған Қазақстан тарапының Ресей бидайының импортына тыйым салуы себеп болғанын айтады.  

2 қазан, 16:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.