Редакцияға Атырауға маусымдық құрылыс жұмыстарын жасауға келетін гастарбайтерлерді қалай заңдастыру керектігі туралы сұрақтар түсуде.
Осы сұрақты облыстық көші-қон басқармасына қойған едік. Ол жердегілер еңбек көші-қоны бойынша заң жобасы қаралу кезеңінде жатқанын хабарлады. Естеріңізге салсақ, құжатта ұсынылған жаңа өзгерістерге сәйкес, шетелдік жұмысшы рұқсат ресімделетін әр ай үшін 2 АЕК – 3462 теңге мөлшерінде алдын ала жеке табыс салығы бойынша төлем төлеп, 1-2 айға рұқсат ала алады. Заң жобасын қазір мәжіліс депутаттары талқылауда.
Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, Өзбекстан азаматтары бұрынғыша жеке қонаққа келу визасы бойынша тіркеледі, ал олармен еңбек қызметін жүзеге асыруға құқықтары жоқ (бұл ережені бұзатыны сөзсіз).
Шетелдіктерге еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсатты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы береді. Басқарманың шетелдік жұмыс күшін тарту бөліміндегілер биыл еңбек министрлігінің біздің облысымызға маусымдық жұмысшыларға 800 квота бөлгенін хабарлады.
- Бірақ квоталар заңды тұлғаларға маусымдық ауылшаруашылығы жұмыстарына ғана беріледі, - деді бөлімдегілер. – Бүгінде 500 квота игерілді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА