Атырау, 30 қыркүйек 16:38
 ашықВ Атырау +17
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

​Уильям ханзада қазақстандық жобаны марапатқа ұсынды

91 просмотра

Қазақстандық «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасы әлемдік экологиялық байқауда 15 финалистің қатарынан табылды. Бұл туралы Уильям ханзада хабарлады, дейді 24.kz.

Ұлыбританияның болашақ тақ мұрагері елімізде флора мен фаунаны қорғау және қалпына келтіру бағытында жасалып жатқан жобаға жоғары баға берді. 

«Алтын дала» 2005 жылы ақбөкендердің жойылып кетуіне жол бермеу мақсатында құрылған. Қажырлы еңбектің нәтижесінде киіктер популяциясы бұрын-соңды болмаған 2млн 800  мың басқа  жетті. «Алтын дала» серіктестерімен бірлесіп, ақбөкендерден бөлек дала бүркіті, құлан және Пржевальский жылқысының тұқымын қайта қалпына келтіру жолында жұмыс істеді. EarthShot Prize сыйлығын Ұлыбритания ханзадасы Уильям мен әйгілі тележүргізуші әрі натуралист Дэвид Аттенборо тағайындаған. Мақсаты – жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге атсалысу. 

Уильям ханзада: 

- Байқаудың 15 финалисі бұрын-соңды болмаған, инновацияға толы, тиімді шешімдер ұсынды. Ұсыныс иелері – ғаламшарды жақсы жағына қарай өзгертуге ниеттілер. Араларында табиғатты қорғауға және қалпына келтіруге атсалысқан «Алтын дала» бастамасы да бар. 

«Алтын дала» жобасы Қазақстанның биоалуантүрлігін сақтау қауымдастығымен, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және бірқатар халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. 

Вера Воронова, «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасының атқарушы директоры: 

- Қазақстандық қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың еңбегі әлемдік деңгейде бағаланып жатқаны қуантады. Бұл қолдау болашақта көкжиегімізді кеңейтіп, жаңа білім мен тәжірибеге жол ашып, табиғаттың, климаттың және адамдардың игілігі үшін септігі тиеді деп үміттенеміз. 

Финалға қатысушы 15 адамның бесеуі үздіктердің үздігі деп танылды, әрқайсысы 1 миллион фунт стерлинг көлемінде сыйақы алады. Қазақстандық бастама Ұлыбритания, Эквадор және Перу жобаларымен бәсекеге түспек. Марапаттау рәсімі былтыр Сингапурде ұйымдастырылса, биыл 6 қарашада Оңтүстік Африкада өтеді.

Бүгін, 14:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.