Маңғыстау облысында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметкер өзіне қол салған. Бұл жайлы Курсив Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«Осы жылдың 28 қыркүйегінде 1985 жылы туған, келісімшарт бойынша Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде қызмет ететін әскери қызметшінің мәйіті тұрғылықты жеріндегі пәтерден табылды. Әскери қызметкер бір жылға жуық бала күтіміне байланысты демалыста болған», – деп хабарлаған баспасөз қызметі.
Алдын ала мәлімет бойынша, келісімшарт бойынша әскери қызметкер тұрмыстық кикілжің салдарынан өзіне қол жұмсаған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатқаны хабарланған. Сонымен бірге аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталған.