30 қыркүйекте «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында туған өлкенің табиғатына жанашыр атыраулықтар Жайық өзені жағалауын санитарлық тазарту акциясына қатысты. Акцияға қатысушылар қалаға өмір беріп тұрған өзеннің жағасын өсіп кеткен арам шөп пен жиналып қалған қоқыстан тазартты. Ұзын ырғасы 50 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
ТЖ режимі кезінде Жайықтың жағалауын бойлай 5 миллиондай топырақ салынған қап төселгені белгілі. Су деңгейі төмендегесін жағаны тазарту қажет болды.
«Инфо центр» қоғамдық бірлестігінің директоры Заманбек Кұракбайдың айтуынша, табиғатты қорғау акциясы жастардың санасында отансүйгіштік, туған өлкеге қамқорлық, өз қаласы үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жасақталып, бекітілген іс-шаралар жоспарында жыл аяғына дейін 19 табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру көзделген. Бүгінгі күнге 13 сенбілік өткізіліп, оларға 45 мыңнан астам адам қатысып, 1016 дана техника тартылды, полигондарға 1500 тоннадан астам қоқыс шығарылды.