22-25 қыркүйек аралығында Алматы қаласында дәстүрлі садақ атудан Қазақстан Республикасының ІІІ Чемпионаты өтті. Бұл чемпионатқа BATUHAN ZHEBESI Атырау облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясынан 18 садақшы аттанған болатын.
Барлығы 250-ден астам қатысушының арасынан ерекшеленген атыраулық спортшылар жеке жарыстарда 4 алтын, 1 күміс, 2 қола иеленсе, “zhamba” нысанасы бойынша командалық жарыста 5 алтынды қанжығаға байлап, 1 орынға ие болды.
“Дәстүрлі садақ ату жарысына қатысқан 17 облыс ішінде Атыраудың дайындығы да, көрсеткіші де жоғары болды. Дара және командалық жарыста да спортшыларымыз топты жарды. Жетістіктерді көбейту үшін осы спорт түрін қаламызда дамыту жоспарда бар”, - дейді Атырау облыстық Дәстүрлі садақ ату федерациясының жетекшісі, бапкер Марат БЕКСҰЛТАН.
Айта кетейік, Қазақстанда дәстүрлі садақ ату 2022 жылдан бері ресми спорт ретінде танылып келеді. Биыл Астанада өткен 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойынына бірнеше елден 250-ден астам спортшы қатысып, оның ішінде Қазақстан атынан 10 садақшы өнер көрсеткен еді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болса, жеке сайыста Атырау облыстық Дәстүрлі садақ ату федерациясының жетекшісі, бапкер Марат Бексұлтан 2 орынға ие болған еді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ.