Атырауда вандализм жасаған 6141 адам әкімшілік жазаға тартылды. Оның ішінде 111 адамға 6 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
Атырау қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Айбол ІДІРІСОВТІҢ айтуынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде қоғамдық орындарға нұқсан келтіргендерге арнайы жаза қарастырылған.
«Қоғамдық орындарға нұқсан келтіру және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу секілді әрекеттер үшін азаматтарға 15 күнге әкімшілік қамауға алу немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл жазасы қолданылады. Биыл жыл басынан бері вандализм жасаған 6141 адам әкімшілік жазаға тартылды. Оның ішінде 111 адамға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабымен 6 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Айыппұл арқалаған 95 адамнан айыппұл сомасы толықтай өндірілді», - дейді Айбол Ідірісов.
Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Бауыржан Оңдасынның айтуына, вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза қатаңдатылып отыр.
«Соған қарамастан вандалдар аялдамалардың әйнегін, орындықтар мен жол сілтейтін белгілерді, ескерту тақтайшаларын сындырып кетеді. Сол себептен, осындай теріс әрекеттердің алдын алу үшін бақылау шарасы күшейтілді», - дейді Бауыржан Оңдасын.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ