Аустрия үкіметі отставкаға кету туралы өтінішін келесі аптада тапсырады, бірақ парламент сайлауының қорытындысы бойынша жаңа министрлер кабинеті тағайындалғанға дейін жұмысын жалғастырады. Бұл туралы республика президенті Александр Ван дер Беллен мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеп KAZINFORM.
«Келесі аптада үкімет отставкаға кету туралы өтініш береді, мен оларға жаңа үкімет тағайындалғанша жұмысын жалғастыруды тапсырамын. Содан кейін Ұлттық кеңесте ұсынылған барлық партиялармен келіссөздер жүргіземін», - деді ол ORF телеарнасының эфирінде.
Ван дер Белленнің атап өтуінше, ол коалиция құру үшін партиялар арасында қандай ымыраға келуге болатынын анықтауға тырысады.
ORF қоғамдық телеарнасының мәліметінше, сайлауда бостандық партиясы алда келеді, оған сайлаушылардың 29,1 пайызы дауыс берген, ал канцлер Карл Нехаммердің халықтық партиясы 26,2 пайыз дауыс жинаған. Орталық солшыл социал-демократтар 20,4% дауыспен үшінші орында.