Атырау, 30 қыркүйек 12:20
 ашықВ Атырау +17
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Иран өзінің рухани көсемін Израильден жасыруға мәжбүр

109 просмотра
Сурет: cnbc.com

"Хезболла" лидері өлтірілгеннен кейін Аятолла Әли Хаменей қауіпсіз жерге жеткізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Иран Израильден жалақы алып отырған агенттерге алаңдап, тіпті өзінің элиталық гвардиясы – революция сақшылары корпусының мүшелерін тергеуге кіріскен.

Осылайша, Иран ең жоғары дәрежелі шешім қабылдаушы тұлғасын жасыра отырып, өзінің аймақтағы ең қарулы және ең жақсы жабдықталған одақтасы "Хезболлаға" жасалған бірнеше жойқын шабуылдар үшін қобалжып қалғанын білдіріп отыр.

Израиль жұма күні Бейрутке жасаған соққыларымен Насралланы өлтіріп қана қоймай, Иранның революция сақшылары корпусы қолбасшысының орынбасары Аббас Нилфорушанды да мерт қылған. Мұны Иран ақпарат құралдары хабарлады.

Өткен жылы Газада соғыс басталып, басқа жерлерде де зорлық-зомбылық өршігеннен бері, ирандық таңдаулы гвардияның өзге де командирлері өлтірілді.

"Шәһидтің қаны кексіз қалмайды", – деді Иранның рухани жетекшісі Насыралланың қазасына орай бес күндік аза тұту  күнін жариялаған мәлімдемесінде.

Насыралланың өлімі Иранға үлкен соққы болып тиді. Себебі Хасан Насыралла  "Хезболланы" Тегеранның араб әлеміндегі одақтастарының тірегіне айналдыруға көмектескен ықпалды адам болған.

Иранның "Қарсыласу нүктесі" деп аталатын аймақтық одақтастар желісі Ливандағы "Хезболладан", Газадағы "Хамастан", Ирактағы ираншыл қарулы топтардан және Йемендегі хуситтерден тұрады.

"Хамас" қозғалысының жауынгерлері 7 қазанда еврей мемлекетіне басып кіргеннен бері Израильмен соғысып келеді. Ал хуситтер Израильге ғана емес, Аден шығанағы мен Қызыл теңізде кемелерге зымырандар жіберіп тұрады.

"Хезболла" болса, Газада соғыс басталғалы, Ливан шекарасынан Израильдің солтүстігіне ракета жаудырып жатыр. "Хезболлалықтар" бұл шабуылды Газадағы атыс тоқтамайынша, доғармайтындарын бірнеше рет мәлімдеді.

Иран Президенті Масуд Пезешкиан сенбі күнгі мәлімдемесінде АҚШ-тың Израильге қару-жарақ жеткізушісі ретінде Насыралланың өлтірілуінде өзіндік рөл атқарғанын айтып өтті.

"Америкалықтар сионистермен серіктестігін жоққа шығара алмайды", – дейді Пезешкиан мемлекеттік ақпарат құралдары жариялаған мәлімдемесінде.

Бүгін, 09:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.