Атырау, 28 қыркүйек 23:16
 ашықВ Атырау +19
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Қызылқоға ауданында республикалық ат бәйгесі өтті

Сурет
54 просмотра

Қызылқоға ауданында ат  тұяғын дүбірлеткен бәйге өтті. Додаға Жамбыл, Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облысынан  100-ге жуық шабандоз қатысты. Іс-шара Қызылқоға ауданының 80 жылдығына орайластырылған,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Дүбірлі додада жабы тай, тай, құнан, топ, аламан бәйгеден бөлек, қой, гір тасын көтеру мен арқан тартыстан  сайыс ұйымдастырылды.  

- Қасиетті Қызылқоғаның 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақтың төл спортынан бақ сынауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтарға алғыс білдіреміз. Қазақтың ұлттық спорты күннен-күнге дамып келеді. Оның ішінде ат спортына Атырау облысының қосып жатқан үлесі зор. Сол мақсатта ауданымызда ат бәйгесін тұрақты түрде ұйымдастырып, дамуына көңіл бөліп келеміз,- деді Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов.  

Бәйгенің қорытындысы бойынша «Тай» жарысында 1-ші орын қызылқоғалық Айболат Лұқпановқа, 2-ші орын жылыойлық Алатау Мырзағалевке, ал 3-ші орын Тайсойған ауылынан келген Есенгелді Қасаевқа бұйырды. «Құнан» жарысында  Жылыойдан келген Серік Тәжиев үздіктердің көшін бастады.  Ақтөбелік Беркін Байжарқынов екінші, Қызылқоға ауданының тұрғыны  Берікбай Байтанов үшінші орынға ие болды. «Топ» бәйгеде  маңғыстаулық Мирас Сайынов 1-ші орынды, БҚО келген шабандоз Мұратбек Мұхамедиев 2-ші, Жамбыл облысынан келген Бағлан Бегалиев 3-ші орынды қанжығасына байлады. Ал «Аламан» бәйгеде Жамбыл облысының намысын қорғаған  Бағлан Беғалиев «Ақтілек» атты сәйгүлігімен 21 атшабардан оқ бойы оза шауып,  бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орын жылыойлық Сейтжан Байжігітовге бұйырса,  қарағандылық Руслан Зорбасов үздік үштікті қорытындылады. 


Бәйге мен түрлі спорттық сайыстың жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық табысталды.

Бүгін, 01:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.