Қала күні 1 қазаннан 6 қазанға дейін тойланады. Осы мақсатта бірқатар мекемеде және барлық ауылдық округтерде мерекелік шаралар өткізілмек.
5 қазанда Атырауда Қала күніне орай Исатай мен Махамбет атындағы орталық алаңда бірқатар мерекелік шаралар өтеді, деп хабарлады қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов брифинг барысында.
Исатай-Махамбет алаңында сағат 11.00-ден кешкі 23.00-ге дейін концерттік бағдарлама болады. Мерекелік іс-шаралар аясында оркестрлер, театр артистері, танымал әншілер өнер көрсетеді. Оның ішінде жергілікті өнерпаздардан бөлек, жұлдызды әншілер Дастан Оразбеков, Диана Исмаил және Әділбек Байтанат бар.
Бұдан басқа, оның айтуынша, Қала күні қарсаңында «Зерделі» халықаралық мектебінің және «Sara» сауда орталығының ашылу салтанаты, сондай-ақ Исатай-Махамбет алаңында «Салт-дәстүр – асыл қазынам» байқауының жеңімпаздары марапатталады.
Сонымен қатар тоғыз құмалақ, асық ату, ләңгі тебу, садақ ату, қол күресі, қой көтеру, бұқа тартыс, қазақ күресі сынды спорттық шаралардан жүлделі сыйлықтар мен ақшалай сыйақылар берілмек. Мереке қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтары түрлі аудиторияға бағытталған ауқымды концерттерден бөлек, кітапханаларда өтетін көрмелерді де тамашалай алады.
"Атап айтсақ, 3 қазанда №2 қалалық кітапханада «Тамыры тереңнен басталатын – Атырауым» атты өлкетану көрмесі, сондай-ақ 4 қазанда қалалық орталықтандырылған кітапханада нон фикшн форматында «Сарайшық тұла бойы тұнған тарих» атты кітап көрмесі өтеді. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын рухани байлыққа толы кітап көрмелерін тамашалауға шақырамыз», - деді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Қ.Құмарова.
«5 қазан күні таңертең Жилгородок ықшамауданында шағын футбол ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қалада қазақтың ұлттық киімдерінің онкүндігі өтеді. Біз де қала тұрғындарын бұл күні алаңға ұлттық киіммен келуге шақырамыз. Қала күнін мерекелеу салтанатты отшашумен аяқталады», - деді Ермұханов.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА