15 жастағы атыраулық қыз әлеуметтік желіде өзін зорлаған 20 жастағы жігітке күйеуге шыққанын жариялады. Тұрмыста әрі жүкті болғанына қарамастан өзінің әлі зорлық зомбылық көріп жүргенін айтады. Бұл іс бойынша полиция қызметкерлері қайтадан тергеу жүргізіп жатыр.
Әлеуметтік желіде қыз өзін жігіттің зорлағанын, одан аяғы ауыр болып қалғанын жазған. Айтуынша, қыздың анасы бірден полицияға арыз берген. Алайда жігіттің туыстары қыздың үйіне келіп, “өзіміз оқытамыз, ешқандай қиыншылық көрмейді”- деп қызды ұзатып алып кеткен.
“Аяғым ауыр. Ішімде төрт айлық бала бар. Мені оқытпақ түгілі, емханаға тіркеуге қоюға әрең апарды. Сол кезде емханадағылар “18 жасқа толмаған, полиция шақырамыз”, дегенде енем жүгіріп, таныстарын салып, баласын бәледен алып қалды. Маған қол көтерді, баласына да айдап салып, ұрғызады, айтпаған сөздері жоқ. Барлық келіндік қызметімді атқардым. Енді мені үйінен қуып шықты. Бұл жағдайды естіген анам ауруханадан бір шықты,- деп жазған ол өз жазбасында.
Қыздың айтуынша, ол көпбалалы отбасыдан, адвокат жалдауға шамалары жоқ. Полиция істі қолға алып, әділ тергеу жүргізсе деп үміттенеді.
Бұл оқиғаға байланысты Атырау полиция департаменті тергеу амалдары қайта жүргізілетінін айтты:
- Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, алғашқы тергеу барысында қылмыс құрамын толыққанды тергеу үшін жәбірленуші тарап тиісті сот-медициналық, психиатриялық сараптамаларынан өтуден бас тартып, кешенді тергеу әрекеттерін жүргізуде кедергі келтірген. Әлеуметтік желіде таралған мәліметтер бойынша тергеу жаңғыртылып, тексерілетінін қаперіңізге береміз, - деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінде.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ