Биыл маусымда «Абдулов.Б» шаруа қожалығы Ақтау қаласынан 25 грамдық африкалық клариелік жайын шабақтарын әкеліп, екі тоғанға жіберді.
- Салмақтарын 700-1200 грамға жеткізіп алғаннан кейін оларды аулап, ағын су бойындағы торға салдық. Мұнда бірнеше күн сақтаймыз да цехта қатырамыз. Балық торларының ені мен ұзындығы - 5метр, тереңдігі - 2,5 метр. Алдағы уақытта 20 тонна балық шығаруға жұмыстанамыз, - деді «Абдулов.Б» шаруа қожалығының басшысы Болат АБДУЛОВ.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат БӨЛЕКОВТЫІ айтуынша, мұндай көрсеткіш соңғы 30 жылда болмаған. Ол тоған шаруашылығын дамытуға атсалысқан «Абдулов.Б» шаруа қожалығының жұмысы өзгелерге үлгі екенін айтты.
- Мұндай шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау жасауға дайынбыз. Аудан орталығында тоғаннан шыққан балық өнімдерін өткізетін орын ашуды жоспарлаймыз. Қазір Атырау мен Астрахань облыстары арасында өзара меморандум жасалған. Өнімдер Астрахань қаласына кедергісіз өтеді, - деді Қ.БӨЛЕКОВ.
Айта кетейік, африкалық клариелік жайынның салмағы 3-5 келіге дейін тартады. Дәмі тауық етіне ұқсайтын балықтың бұл түріне сұраныс жоғары.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА