Құлсары қаласының теміржол маңындағы ықшам аудан тұрғындары жаңа оқу жылында қолайсыздықтарға тап болды. Оларға келер айдан бастап балалары қашықтау орналасқан ықшам ауданда оқитынын хабарлаған. Ал оған әзірге қатынайтын автобус шығарылмаған.
Тұрғындар «күнде таксиге қаражат жоқ, неге оқу басталмай тұрып ескертілмеді?» деп ренжулі.
Жылыой аудандық бөлім басшысының міндетін атқарушы Г. Таңатарова сұрақтарымызға былай деп жауап берді:
- Құлсары қаласы «Вокзал 615» ықшамауданы тұрғындарының балалары «Береке» ықшам ауданында салынған жаңа мектепке қай айдан бастап көшіріледі?
- Құлсары каласы Береке ықшам ауданынан 600 орындық мектеп құрылысы «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен 2023 жылы 15 мамырда басталып, 2024 жылы желтоқсан айында аяқталады. Құрылыс қарқынының тез жүруіне байланысты мердігер компания мектеп құрылысын белгіленген уақыттан бұрын тапсыруға жұмыстануда.
- Гагарин атындағы №13 мектеп бұзыла ма? Бұл мектеп қай жылы салынған? Осы мектепте балаларды оқытуды ұйымдастыру мәселесі қалай шешіледі?
- №13 жалпы орта білім беретін мектептің төрт ғимараты ескі. Негізгі мектеп 1976 жылы салынған - 225 орындық, орта мектеп 1964 жылғы - 125 орындық, бастауыш мектеп 1986 жылғы - 150 орындық, шеберхана ғимараты 1964 жылғы - 40 орындық. Қазіргі уақытта ғимарат санитарлық талаптарға сай емес. Оқу кабинеттері жетпегендіктен «шеберхана» ғимаратын оқу корпусі ретінде пайдалануда. Жылыой ауданын дамытудың 2023-2027 жолдарға арналған іс-шаралар жоспарында «Теміржолшылар» ықшам ауданынан 600 орындық мектеп жене 280 орындық балабақша құрылысын салу 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Аталған ықшам ауданда бос жер телімі болмағандықтан, үкімет мұқтаждығы үшін тұрғындардан жер телімін қайтарып алуға жұмыстар жүргізілуде.
- «Вокзал 615» ықшамауданы тұрғындарын неге балалары жаңа оқу жылынан бастап басқа мектепке көшірілетіні туралы алдын ала ертерек хабарланбады?
- Жылыой ауданы әкімі орынбасары Г.Айшуакова, Жылыой ауданы білім бөлімі басшысы міндетін атқарушы Г.Таңатарова биыл 7 қыркүйек күні «Теміржолшылар» және СМП-615 ықшам ауданы тұрғындарымен кездесу өткізіп, Береке ықшам ауданынан 600 орындық мектеп құрылысы пайдалануға берілген кезде 2024-2025 оқу жылында №13 жалпы орта білім беретін мектеп окушылары жаңа мектепке кешірілетіндігі туралы хабарлады. Жылыой ауданын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бойынша Атырау облысы білім беру басқармасының №2 «Білім-инновация» лицей интернатына Құлсары қаласы Атырау ықшам ауданынан «ер балаларга арналған» 300 орындық ғимарат құрылысы басталады. Жаңа ғимарат құрылысы 2025 жылы пайдалануға берілгенге дейін аталған лицей оқушылары №13 жалпы орта білім беретін мектептің ғимараттарына уақытша көшірілетін болады.
- «Береке» ықшамауданында салынған жаңа мектепке қарай «Вокзал 615» ықшамауданынан жолаушылар көлігі, автобус қашан қатынайды?
- Береке ықшам ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысы пайдалануға берілген кезде «Теміржолшылар» және СМП-615 ықшам ауданы тұрғындары үшін жолаушылар тасымалы көлігі автобустарының кестесін қайта қарауға аудан әкімі тарапынан «Жылыой ауданы жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары» бөліміне тапсырма берілді.
- «Вокзал 615» ықшамауданы тұрғындары «балаларды «Береке» ықшам ауданына жаяу жібере алмаймыз, таксиге күнде ақша жете бермейді» деп отыр.
- Береке ықшам ауданындағы мектепке катынайтын №13 жалпы орта білім беретін мектептің «Теміржолшылар» және СМП-615 ыкшам ауданында тұратын мектеп оқушылары үшін сабақ уақытында жолаушылар тасымалы автобустарының саны көбейтіліп, кесте бойынша қатынайтын болады.
Айнұр САПАРОВА