Атырау қаласының №2 соты оған ҚК-тің 366-бабының 2-бөлігі («Құқық қорғау органы қызметкерінің немесе құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның аса ірі мөлшерде пара алуы») бойынша 30 млн теңге айыппұл салуға үкім шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, 25 тамыз күні БАҚ-та құқыққорғау органының қызметкері ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. ҰҚК оның жеке моншада 500 мың теңге көлемінде пара алу кезінде ұсталғаны туралы ақпаратты (бірінші жартысы бір күн бұрын алынған) жоққа шығармады.
Бір айдан кейін сот қылмыстық-атқару жүйесі басқармасының №75 мекемесі бастығының міндетін атқарушы пара берушінің інісін шарушылық жұмыстарына қалдырылған тұлғалардың санатына ауыстырып, тергеу изоляторында қалдыру үшін 1 млн теңге көлемінде пара алғанын анықтады.
Қылмыстық іс сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру тәртібімен келіп түсті. Осыған байланысты сотталушы өзінің кінәсін толықтай мойындап, жинақталған дәлелдемелердің қатыстылығына және оның жол берілетіндігіне дау келтірмей, сот отырысында оның зерттеуін талап етпегендіктен сот талқылауы қысқартылған тәртіппен қаралды.
Прокурор сотталушыға мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, «әділет подполковнигі» арнайы шенінен айыруды сұрады.
Сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы, кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі – жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Осылайша оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 30 млн теңге (параның 30 еселенген сомасы) мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалды. Ол арнайы шенінен де айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА