Құранды мәнерлеп оқу номинациясы бойынша бірінші орын атыраулық Саламат ИМАНҒАЛИЕВҚА бұйырып, 700 000 қаржылай сыйақы ұтса, Құранды жатқа оқу сайысы бойынша бас жүлде Индер ауданының тумасы, Алматы Нұр Мүбәрак университетінің 2 курс студенті Әбілхайыр ЖҰБАНҒА бұйырып, автокөлікке ие болды.
Павлодар қаласында қасиетті "Құран-Кәрімді" жатқа және мәнерлеп оқу бойынша ХІІІ республикалық байқауы қорытындыланды. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ұйымдастырған байқауға әр облыстан іріктеу кезеңдерінен өтіп, жеңімпаз атанған 80 үміткер қатысты.
Екі күнге созылған байқауда олар құранның алғашқы 10, 20 парасын және түгелдей 30 парасын толық жатқа оқудан сонымен қатар құранды мәнерлеп оқудан сынға түсті.
Бұл сайыста Құранның 10 парасын жаттаудан 1 орынды астаналық Дінмұхаммед ӘБІШОВ жеңіп 1 500 000 теңгеге ие болса, 20 парасын жаттаудан үздік таңылған қарағандылық Арсен ЕРСІНБЕК 3 млн теңгеге ие болған.
Атырауға автокөлікпен оралған Әбілхайыр мен оның әкесі Ералы ҚАМЗАҒАЛИЕВТЫ кеше Атырау облысының бас имамы Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ құттықтап, қазақы салт-дәстүрмен Әбілхайырдың иығына шапан жапты. Айта кетейік, Әбілхайырдың әкесі Индер аудандық мешітінің бас имамы болып қызмет етеді.
- Құранды толық жаттауға үш жыл уақытым кетті. Осы жарысқа арнайы дайындалдым. Ойламаған жерден бас жүлде бұйырғанына қуаныштымын. Осы ұтысымды мені тәрбиелеген әкеме сыйлаймын, - дейді Әбілхайыр Ералыұлы.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ