Атырау, 24 қараша 03:35
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Израильдің әуе соққысынан Ливанда 182 адам қаза тапты

356 просмотра
Aziz Taher / Reuters / Scanpix / LETA

23 қыркүйекте Израиль Ливанның оңтүстігіндегі "Хезболла" радикал тобының (АҚШ пен ЕО-да террорлық ұйым деп танылған) нысандарына әуеден үш жүзден астам соққы бергенін айтты. Ливанның денсаулық сақтау министрлігі соққыдан 182 адам қаза тауып, 700 адам жараланды деді. Оның ішінде қанша адам "Хезболла" мүшесі я бейбіт тұрғын екені белгісіз, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Бұл жолы Израиль алғаш рет Ливанның оңтүстігіндегі тұрғындарды үйлерден және басқа ғимараттардан кетуге шақырды. Тель-Авив әскерилер "Хезболлаға" "үлкен соққы" береді деп ескертті. Израильдің мәліметінше, ол жерлерде қару-жарақ сақталған.

"Эвакуация болғаны көрінген жоқ, ливандықтар өзі тұрып жатқан үйде "Хезболла" қаруы сақталғанын білмеген де болуы мүмкін" деп жазды Associated Press агенттігі.

Израиль Ливанның оңтүстігіне соққы жасаған кезде, Израильдің солтүстігінде Ливаннан келе жатқан зымырандар туралы дабыл қағылды.

22 қыркүйекте "Хезболла" тобы Тель-Авивтің алдыңғы күндері жасаған шабуылына жауап ретінде Израильге 150-ге жуық зымыран ұшырды. Тель-Авивтің шабуылынан ондаған содыр мен топтың командирлері қаза болған еді. Ливанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пейджерлер жарылғаннан және соққыдан әйелдер мен балалар да қаза тапқан.

"Хезболла" тобы Израильмен шектесетін Ливанда зор ықпалға ие. 2023 жылы қазанда АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасаған. Келесі күні "Хезболла" тобы Израильге зымырандар ұшырған. Содан бері шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған.

Reuters агенттігінің жазуынша, қазір Израиль мен "Хезболла" арасында болып жатқан жағдай – 2006 жылғы екінші Ливан соғысынан бергі ең ауыр шиеленіс.

24 қыркүйек, 13:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.