Атырау, 23 қараша 00:42
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Индердегі "сақалды" құрылыс. Үш жылдан кейін

1 138 просмотра

«АЖ» Атырау облысы Индер ауданындағы «сақалды» құрылыстар туралы бірнеше рет жазды. Алайда құрылыстар жанданудың орнына тұралап, «баяғы жартас, бір жартас» күйінде. Бұған тапсырысшылар, Индер ауданы әкімшілігі мен құзырлы орындар да қозғау сала алмай, дәрменсіз күйде отыр.

ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ 

Индербор кентіндегі бұрынғы емхананы күрделі жөндеуден өткізіп, замануи үлгідегі оңалту орталығы ашылады дегенге бақандай үш жыл өтті. 2021 жылы 169 млн 823 мың теңгеге конкурс қорытындысымен ұтып алған «SCS Инжиниринг» ЖШС жеті айда күрделі жұмысын жүргізіп, ғимаратты пайдалнуға береміз дегені сағым күйінде қалды. Тапсырысшы мен ЖШС арасында бірнеше сот отырысы өткенімен әлі күнге нүктесі қойылар емес.

- Үш жыл өтсе де ЖШС ғимарат жұмысын толыққанды бітіре алмай отыр. Жылужайдың жұмысы толық біткен жоқ, ғимараттың ішіндегі ақаулықтар жойылмайылмауда. Сол себептен мердігер мүдделі болса да біз қабылдай алмаймыз,-дейді тапсырысшы Индербор кенті әкімі Шалқар АЛМУРЗИЕВ.

Есігі тарс жабық ғимаратқа кіру мүмкін болмады, бірақ сыртқы бейнесі оқсап тұрған жоқ. Төрт қатарлы ғимараттың сыртқы қаптамасы (суретте) түсіп жатыр.

КӨКТОҒАЙДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ

2021 жылы 12 шілдесінде 446 млн 761 мың теңгеге Көктоғай ауылындағы деншеынықтыру-сауықтыру кешен құрылысын салуды да «SCS Инжиниринг» ЖШС (директоры Асылхан РАШЕВ) жеңіп алған болатын. Қосалқы мердігерді тарту арқылы жұмысын бастағанымен, жобаның конструкциясында ауытқушылық орын алып, бір жұмысты екі рет жасады. Мұны облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ сынға алып, олқылықтың орнын жойып, қайтадан жасауды тапсырды. Бірақ ЖШС кешен жұмысын маңдытпай, тұралап тұрып қалды. Ақыры тапсырысшы аудандық құрылыс бөлімі мен мердігер ЖШС арасында ұзаққа созылған сот процестері болып, нәтижесінде 2023 жылы «SCS Инжиниринг» ЖШС жосықсыз қатысушы деп танылды.

Қайтадан конкурс өтіп, «АРСМ» ЖШС жеңімпаз танылды. Осы жылдың басында сметалық жобасына өзгерістер енгізу үшін қайта қарау үшін ұсыныс беріліп, комиссия шешімі шықты.

КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕР ТАПСЫРЫЛДЫ, БІРАҚ АБАТТАНДЫРУ БІТКЕН ЖОҚ

Индербор кентіндегі «Көктем» шағын ауданында көпқабатты 48 пәтерлік төрт үй 2023 жылы пайдалнуға берілген болатын. Алайда осы үйлерге тиесілі абаттандыру жұмысы бітпей қалды. 

2020 жылы «Агроспецмонтаж» ЖШС 154 млн теңгеге ұтып алып, жұмысын 2,5 айда бітіреміз деп аудандық құрылыс бөлімімен келісім шартқа отырғанымен жұмысы ілгерлемей-ақ қойды. Суағарлар мен құдықтар бітпеді. Ақыры бұдан екі жыл бұрын ЖШС жосықсыз қатысушы деп танылып, келісім шарт бұзылған. Бүгінде жасалған жұмыстарға техникалық қорытынды алынып, сметалық жобаға өзгерістер енгізілуде екен.

Кенттегі осы ықшам аудандағы 80 пәтерлік үйді салушы «ОңдасынСтрой» ЖШС 1 млрд теңгенің жұмысын аяқтай алмады. Бүгінде құрылыс жұмысының 50-60 пайызы ғана атқарылған Аудандық құрылыс бөлімі ЖШС-нің үстінен Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз түсіріп соттасу басталды. Ақыры бір-бірін кезек берген ұзақ сот процестері жүріп, 2023 жылдың желтоқсанында «ОңдасынСтрой» ЖШС жосықсыз қатысушы деп танылып, екіарадағы келісім шарттың бұзылуымен аяқталды. Бүгінде техникалық зерделеу жұмысы аяқталып, жобаға өзгерістер енгізілуде. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін қайтадан конкурс ойналып, жеңімпаз анықталатын болады.

АУЫЛДАРДАҒЫ ТОК ЖҮРГІЗУ КЕШІКТІ

Бөдене, Жарсуат, Өрлік ауылдарында инфрақұрылым жүргізу үшін ток жүйесін жүргізу 2022 жылы қолға алынып, 2023 жылы аяқталуы керек еді. Бірақ бұл жұмыс та ілгерілеушілік байқалмады. 

- Өрлік ауылында «АрайНС» ЖШС жұмыстың 70 пайызын атқарған, бірақ толық бітірген жоқ. Ал Бөдене мен Жаруат ауылдарында ток жүргізу қолға алынған жоқ, тек матриалдарын алып қойған, графиктен кешіккені үшін сот шешімімен мердігер «ЕділСтройСервис» ЖШС-мен келісім шартты бұздық. Жалпы құрылыс жұмыстарының сметасы төрт, бес жыл бұрын жасалған. Осы аралықта құрылыс мариалдары бірнеше есеге қымбатсып, жобаларға түзетулер енгізілуде. Жобаға өзгерістер еніп, қосымша қаржы қарау, болмаса жеңімпазды қайтадан анықтау үшін көп уақыт кетеді. Кейде жылға созылады, - дейді аудандық құрылыс бөлмінің басшысы Дарын ИЛЬЯСОВ.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

25 қыркүйек, 11:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.