Атырау, 23 қараша 00:27
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Атырау соты бір топ пара алушыға қатысты үкім шығарды

1 185 просмотра

Атырау қаласының №2 сотында сыбайлас жемқорларды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға және үлкен мөлшерде айыппұлдар салуға үкім шығарды.

 Сотта сотталушыларға қатысты қылмыстық іс қаралды:

- біреуі бірнеше рет елеулі мөлшерде пара алғаны (ҚК-тің 366-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы), алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында пара алуды ұйымдастырғаны үшін (ҚК-тің 28-бабының 3-бөлігі - 366-бабының 3-бөлігі 4-тармағы),

- екеуі алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында пара алғаны үшін (ҚК-тің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы),

- қалған екеуі лауазымды тұлғаға айтарлықтай мөлшерде пара бергені үшін (ҚК-тің 367-бабының 2-бөлігі).

Сот облыс бойынша Ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы лауазымды тұлға бола тұра, бірнеше рет ЖК директорынан 1,4 млн теңге және жалпы қамқорлығы үшін ШҚ басшысынан 500 мың теңге пара алғанын анықтады.

Облыс бойынша Ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы лауазымды тұлға бола тұра, БҚО инспекциясының бас маманымен және ветеринариялық инспекторымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖК директорынан жалпы қамқорлығы үшін 1,8 млн теңге пара алуды ұйымдастырған.

Өз кезегінде, БҚО инспекциясының бас маманы және ветеринарлық инспекторы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар бола тұра, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында  жалпы қамқорлығы үшін ЖК директорынан 1,8 млн теңге пара алған.

ЖК директоры және ШҚ басшысы ҚР шекарасында көліктің заңсыз қозғалысы үшін пара ретінде 3,3 млн теңге мен 500 мың теңгені жеке өздері берген. 

Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, куәлардың айғақтарымен, ақша қаражатын аудару туралы түбіртектермен, тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен, мамандардың қорытындыларымен өз дәлелін тапты.

Сот шешімі

ҚК-тің 366-бабы 3-бөлігінің санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 60 еселенгеннен 70 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не 7 жылдан 12 жылға дейінге мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

ҚК-тің 367-бабының 2-бөлігінің санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 30 еселенгеннен 40 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сотталушылардың асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы, кінәларын мойындауы – жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды, ауырлататын мән-жай ретінде қабылдаған антты бұзуы танылды.

Сотталушылар тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды.

Инспекция басшысы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бас маман мен ветеринарлық инспекторға пара сомасының 60 еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындалды. ЖК және ШҚ басшыларына - пара сомасының 26 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды. Барлығы мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

20 қыркүйек, 14:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.