Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы промо-ролик түсіруге арналған мобилографтар арасындағы байқаудың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол әлеуметтік желілерде ұлы дала дүбірін жан-жақты насихаттап, белсенділік танытқан қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан алғыс айтты.
«Сайысқа қатысқан 2,5 мыңға жуық үміткердің ішінде алыс-жақын шет мемлекеттерден де атсалысқан азаматтар бар. Арнайы комиссия келіп түскен әрбір жұмысты мұқият қарай отырып, байқаудың қорытындысын шығарды. Сонымен Бас жүлде Берікбол Аймырзаға бұйырды!», - деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.
Гран-при жеңіп алған мобилограф сапар немесе іс-шара барысында Президенттің жеке мобилографы ретінде бір күн жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолтаңбасы қойылған iPhone 15 Pro Max, мобилографияға арналған жабдықтар жиынтығы (жарық, микрофон), 1 000 000 теңге және президенттің грамотасын алды.
Ал екінші орын иеленген Аманқұл Ерасылға 1 000 000 теңге табысталды. Үздік үштікті қорытындылаған Арман Тұрлыбековке iPhone 15 Pro Max бұйырды. Жұмысы төртінші орынға лайық деп танылған Руслан Абжалға 500 000 теңге берді.
Сондай-ақ 5 және 20-орын аралығындағы жүлдеге ие болған азаматтарға да ынталандыру сыйлықтары табысталған.