Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде өңірдегі барлық білім беру ұйымдарының директорлары мен есепшілерінің қатысуымен болуы ықтимал жымқыру фактілерін онлайн бақылау және бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеу қағидаттарын түсіндіру бойынша жиын өтті.
Жиынға 400-ден астам адам қатысты.
Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезеңдерінде педагогтарға еңбекақы төлеу қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемаларын әшкереледі. Бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтардың алдын алу тетіктерінің және бухгалтерлік есеп жүйелері мен мемлекеттік деректер базасын интеграциялаудың болмауы салдарынан көптеген ұрлық фактілері орын алды.
Талдау аясында облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 11 ұсыныс енгізді, оның 7-еуі орындалды, 4-еуі орындалу сатысында.
Мысалы, бюджеттік өтінімдерді автоматты форматта жасауға толық көшірілді, әрбір мектептің жеке бухгалтерлік ақпараттық жүйелерін бөлек сатып алу тәжірибесі тоқтатылды және жалған төлемдерге жол бермейтін форматты-логистикалық бақылау енгізілген бірыңғай есепке алу жүйесін орталықтандырылған сатып алуға көшірілді; сондай-ақ «өлі жандарды» жою мақсатында қызметкерлердің келуін есепке алу жүйесін енгізу талабы реттелді.
Алынған шаралар педагогтардың еңбекақы төлеу қорын қаржыландыру жүйесін толық қайта қарауға және ұрлықты барынша азайтуға ықпал етті.
«Енді әрбір төлем ашық және өзінің электронды ізін қалдырады, ол өңделіп, оның аударылуының заңдылығына қатысты тиісті баға беріледі. Қаржы саласының әрбір қызметкерін қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарауға және бір сәттік заңсыз баю құмарлығының жетегінде кетпеуге шақырамыз», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Атырау облысы бойынша басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан ЖАХИН.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА