Атырау облысында балық шабақтарын құтқару жалғасып жатыр. Мәселен, Соколок каналынан 1 күнде 4 млн 215 мың шабақ құтқарылып, Жайық өзеніне жіберілген.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, көктемгі кезінде Жайық өзенінен жайылма мен каналдарға шыққан судан балық шабақтары әлі құтқарылып жатыр.
Мәселен, кеше, 18 қыркүйекте Соколок каналынан шабық құтқару шарасы ұйымдастырылған. Оған инспекцияның бөлімдерінен, жергілікті атқарушы органнан, «Сағиева» шаруа қожалығы мен 99245 әскери бөлімінен 72 адам жұмылған. Сондай-ақ, инспекциядан 3, «Сағиева» шаруа қожалығынан 1 КамАЗ бен 2 пикап көлігі тартылған.
- «Канал суынан арнайы ау құралымен сүзіліп алынған балық шабақтары автокөлікпен Махамбет ауданындағы Алға ауылының тұсына дейін тасымалданып, Жайық өзеніне жіберілді. Табиғи ортасына жіберілген шабақтың әрқайсысының салмағы шамамен – 15-20 грамм. Осылайша 18 қыркүйекте Соколок каналында қалып қойған 4 млн 215 мың балық шабағы құтқарылды», -деп хабарлады инспекциядан.
Балық шабақтарын құтқарып, су айдынына тірілей жіберу жұмысыы әлі де жалғасады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ