Египеттің Александрия қаласында информатика пәні бойынша өткен IOI-2024 олимпиадасында қазақстандық оқушылар үш күміс, бір қола медаль иеленді. Жүлдегерлердің қатарында атыраулық оқушы Мансұр Таймас та бар.
Халықаралық жарысқа 90 мемлекеттен 350 оқушы қатысқан.
- Мансұр Таймас – Атырау облыстық Білім беру басқармасының №1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы. Ол соңғы жылдары орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. 2021 жылы информатикадан Еуразиялық командалық олимпиадасынан күміс медаль, сол жылы EJOI Информатикадан Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасынан қола медаль, IATI (Халықаралық күзгі турнир) қола медаль, Республикалық информатика олимпиадасынан күміс медаль иеленген. Ал 2022 жылы Информатикадан Еуразиялық командалық олимпиададан күміс медаль, Республикалық информатика олимпиадасынан алтын медаль, EJOI (Информатикадан Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасы) күміс медаль иеленген талантты шәкірт атанды, дейді Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.
ҚР Оқу ағарту министрлігі сайтында жариялаған ақпаратқа сүйенсек, Жалпы білім беру пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтарға біржолғы сыйақы беріледі.
- Алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алады- деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ